Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған ауқымды мерекелік кеш өтті. Салтанатты шараға Ақмола облысының түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар, музыканттар, музей, кітапхана және мәдениет үйлерінің қызметкерлері қатысты.
Концерт басталмас бұрын мәдениет сарайының фойесінде қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Қонақтар ұлттық нақыштағы әшекейлерді, қолдан жасалған бұйымдарды және жергілікті қылқалам шеберлерінің туындыларын тамашалады. Мерекелік бағдарлама Дина Нұрпейісованың «Науаи» күйін орындаған жас домбырашылар ансамблінің өнерімен ашылды. Одан кейін сахна төріне қобызшылар ансамблі, жетігеншілер тобы және Қазақ халық ұлттық аспаптар оркестрі шықты.
Мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады.

«Егер мәдениет – ұлттың жаны, халықтың рухани тамыры болса, өнер – ел жүрегінің үні, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын асыл мұра. Қай кезеңде де сіздердің адал еңбектеріңіз, мамандыққа деген шынайы сүйіспеншіліктеріңіз бен күнделікті қажырлы қызметтеріңіз ұлттық болмысты сақтап, халық рухын асқақтатып, қоғам бірлігін нығайтуға қызмет етіп келеді», – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі бүгінде Ақмола өңірінің мәдениет өкілдері ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де қазақ өнерін лайықты танытып жүргенін атап өтті.
«Бүгінде өңірдің мәдениет саласы тек рухани дамумен ғана шектелмейді. Ақмолалық өнер өкілдері халықаралық сахналарда табысты өнер көрсетіп, қазақ мәдениетін әлемге кеңінен насихаттап жүр», – деді Марат Ахметжанов.
Кештің басты бөлігі – марапаттау рәсімі болды. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен өңірдің 11 мәдениет қызметкері марапатталды. Олардың қатарында Бурабай аудандық мәдениет үйінің директоры Айсұлу Жамантықова, «Сазды әуен» ансамблінің жетекшісі Амангелді Райханұлы, Көкшетау қаласы тарихы музейінің директоры Алмас Темірбай, сондай-ақ Салтанат Тәжбенова, Светлана Горбань, Бауыржан Нұрымбетов, Әсем Ибраева, Гүлмира Зарапова, Бейбіт Кешу, Виктория Манукян және Марал Жақыпова бар.
Мерекелік кеш облыстың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен үлкен гала-концертке ұласты.




