Қазақстанда 2025/2026 оқу жылы мәресіне жетті. Биыл еліміз бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы мектеппен қоштасып жатыр. Олардың 31 мыңнан астамы 9-сыныпты үздік аяқтаса, 11-сынып түлектерінің арасынан 18 мыңға жуық оқушы «Алтын белгіге» үміткер, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
25 мамырда республиканың барлық мектептерінде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Жиын барысында оқушылардың жетістіктері сараланып, оқу жылы қорытындыланады. Сонымен бірге, «Адал азамат» тәрбиелеу бағдарламасының негізгі құндылықтары талқыланады.
Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығына сәйкес, мектеп бітіру кештерін мейрамхана, кафе, демалыс базалары мен табиғат аясында атап өтуге тыйым салынған.
«Мектеп бітіру кештеріне орай ата-аналардан, заңды өкілдерден және оқушылардан ақша жинауға, сыйлық пен басқа материалдық құндылықтарды талап етуге жол берілмейді. Аттестат пен диплом тапсыру рәсімдері тек білім беру мекемелерінің ғимаратында өтеді», – деп атап өтті министрліктің ресми өкілдері.




