Батыс Қазақстан облысының полицейлері еліміздің батыс өңірлеріне есірткі жеткізу арнасының жолын кесті.
Тергеу мәліметінше, 41 жастағы күдікті Жамбыл облысынан Қазақстанның батыс өңірлеріне есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған. Заңсыз жүкті тасымалдау үшін жүк жеткізу қызметтері пайдаланылып, есірткі қарапайым сәлемдеме ретінде жасырылған.
Күдікті Ақтау қаласында сәлемдемені алып жатқан сәтінде ұсталды. Сәлемдемені тексеру кезінде өсімдік тектес зат салынған екі қап тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат кептірілген марихуана болып шыққан. Оның жалпы салмағы 33,5 келіден асады.
Алдын ала мәлімет бойынша, аталған есірткі партиясы еліміздің батыс өңірлерінде таратылуға арналған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жүргізілген арнайы операция нәтижесінде ірі көлемдегі есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.




