Ақтөбеде облыстық әкімдік ғимаратының шатырынан өрт шығып, қалың түтін қаланы басты. Төтенше жағдайлар қызметі өрттің толық сөндірілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Оқиға куәгерлері әлеуметтік желілерде алты қабатты әкімшілік ғимараттың төбесінен будақтаған қара түтіннің видеоларын жаппай таратты. Кадрлардан өрт сөндірушілердің оқиға орнына жетіп, жұмысқа кіріскенін көруге болады.
Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына шұғыл жеткенде, шатырдың ашық жанып жатқаны анықталған. Ғимараттағы адамдар дереу қауіпсіз жерге көшірілді.
"Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрттің шығу себебі мен аумағы нақтыланып жатыр", - делінген ТЖД ресми хабарламасында.
Жедел әрекеттің арқасында жалынның ғимараттың басқа бөліктеріне таралуына жол берілмеді. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Фото: Әлеуметтік желіден




