Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Астанада Еуразиялық арбитраж апталығы 2025 өтті

Астанада Халықаралық төрелік орталықтың (ХТО) бастамасымен Еуразиялық арбитраж апталығы 2025 (EAW25) өз жұмысын бастады,деп хабарлайды Todayinfo. Бұл — арбитраж және дауларды шешу саласындағы өзекті мәселелерді талқылау үшін арбитраждық қауымдастықты біріктірген маңызды халықарал

Авторы Айғаным Нариманова··3 мин оқу
Астанада Еуразиялық арбитраж апталығы 2025 өтті
Астанада Халықаралық төрелік орталықтың (ХТО) бастамасымен Еуразиялық арбитраж апталығы 2025 (EAW25) өз жұмысын бастады,деп хабарлайды Todayinfo. Бұл — арбитраж және дауларды шешу саласындағы өзекті мәселелерді талқылау үшін арбитраждық қауымдастықты біріктірген маңызды халықаралық іс-шара. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған форумға әлемнің түрлі елдерінен халықаралық арбитраж және құқық саласындағы жетекші мамандар жиналды. Шараға шамамен 400 қатысушы қатысты. Форум Астананың өңірлік құқықтық хаб ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындады. Іс-шараны Астана халықаралық қаржы орталығының жанындағы Халықаралық төрелік орталығы мен Herbert Smith Freehills Kramer LLP халықаралық заң фирмасы бірлесіп ұйымдастырды. Форум жұмысына АХҚО Сотының төрағасы Мэлдон Лорды Бернетт, ХТО төрағасы Томас Крюммель, тәжірибелі заңгерлер мен арбитрлар, судьялар, бизнес өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, мемлекеттік органдар мен академиялық орта өкілдері қатысты. Қатысушылар Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа мен Азия елдерінен жиналды. EAW25 бағдарламасы Еуразия өңіріндегі арбитраждың дамуындағы негізгі үрдістер мен сын-қатерлерді қамтыды. Панельдік сессиялар барысында спикерлер дауларды шешудің баламалы әдістерінің инвестициялық климат қалыптастырудағы рөлін, арбитраждың тиімді мемлекеттік басқаруға ықпалын және заманауи технологиялар мен жасанды интеллекттің төрелік практикаға әсерін талқылады. Форумның арнайы қонағы – профессор Мария Кьяра Малагути, Халықаралық жекеше құқықты үйлестіру институтының (UNIDROIT) президенті, құқықты үйлестіру, инвестициялық құқық және қаржы реттеу саласындағы танымал сарапшы. Халықаралық құқық саласындағы көпжылдық тәжірибесі бар профессор Малагути құқық жүйелерін реформалау және халықаралық дауларды шешу бойынша жетекші мамандардың бірі ретінде кеңінен танылған. Сессия барысында ол халықаралық инвестициялық және арбитраждық құқықтың дамуындағы негізгі үрдістерге тоқталып, тұрақты құқықтық тетіктердің маңызын, дамушы экономикалардағы жаңа құқықтық бағыттардың өзектілігін және заң саласындағы гендерлік теңдікке қол жеткізудің қажеттігін атап өтті. Ол құқықты үйлестірудің халықаралық саудадағы құқықтық тәуекелдерді азайтудағы практикалық рөлін ерекше атап көрсетті. «Құқықты үйлестіру – бұл абстрактілі ұғым емес, нақты құрал. Ол елдерге халықаралық сауда мен инвестиция салаларында түсінікті әрі тұрақты ережелер қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда инвестициялық құқық пен сауда құқығы тығыз байланыста. Инвестор мен қабылдаушы елдің мүдделері әрқашан сәйкес келе бермейді. Сондықтан теңгерімді сақтау қажет. Бұл сала тұрақты реформаларды талап етеді», – деді профессор Мария Кьяра Малагути. Іс-шара аясында АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығы бірқатар әріптестік келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, Қазақстандағы Америка Сауда палатасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Ол кәсіби байланыстарды дамытуға және бірлескен оқу-білім беру бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған. Сонымен қатар, Түркі Арбитраж қауымдастығымен келісімге қол қойылып, түркі елдері арасындағы құқықтық байланысты нығайту және баламалы дауларды шешу тәжірибесімен алмасу жолға қойылды. ХТО төрағасы Томас Крюммель:
«Қазақстан Халықаралық төрелік орталығының арқасында бүгінгі таңда сирек елдер ғана қол жеткізе алған жетістікке жетті: ұлттық сот жүйесіне тәуелсіз, шынымен бейтарап әрі халықаралық деңгейде мойындалған арбитраж орталығын құрды. Біздің институт әлемдік стандарттарға сай дауларды шешуге арналған платформа ретінде қызмет етеді және инвесторларға өңірде бизнес жүргізу үшін аса маңызды құқықтық айқындық кепілдігін ұсынады
АХҚО Соты мен ХТО тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт:
«Кейбір мемлекеттерде тартымды инвестициялық жобалар болғанына қарамастан, көптеген инвесторлар ол елдерге қаржы салудан бас тартады. Өйткені олар дау туындаған жағдайда әділ әрі тәуелсіз сот төрелігіне қол жеткізе алатынына сенімді болмайды. Бұл — халықаралық стандарттарға сай әділдік пен сенімділіктің жоқтығына байланысты. Дәл осы себепті Қазақстан басшылығының бастамасымен АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығы құрылды. Еуразиялық арбитраж апталығы — Қазақстанға инвестиция құйғысы келетін инвесторларға елімізде олардың бизнесі құқықтың халықаралық үстемдігіне сай қорғалатынын еске салатын бірегей мүмкіндік».
Форумның басты миссиясы – бизнес-ортаны жақсартуға және дауларды тиімді шешуге ықпал ететін озық тәжірибелер мен инновациялық шешімдерді ілгерілету, сондай-ақ Астана мен ХТО-ның Еуразиялық өңірдегі жетекші төрелік орталық ретіндегі орнын нығайту. Халықаралық инвесторлардың сенімін арттыру және инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау – Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі. Осы орайда, халықаралық арбитраж қауымдастығымен интеграция – елдің құқықтық жүйесі үшін маңызды міндет. Еуразиялық арбитраж апталығы сияқты іс-шараларды өткізу халықаралық әріптестікті дамытуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстанның құқық үстемдігі мен халықаралық құқықтық ынтымақтастық қағидаттарына адалдығын паш етуге мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар

Астанада Еуразиялық арбитраж апталығы 2025 өтті · Todayinfo