2026 жылғы 17 шілдеде Алматыда Го ойынынан «Kunanbayev Cup – 2026» III халықаралық әуесқойлар турнирінің ашылу салтанаты өтті. Интеллектуалдық жарыс үш күнге жалғасады.
Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған жарыс бүгінде Орталық Азиядағы ең беделді зияткерлік спорт алаңдарының біріне айналып, Қазақстан мен шетелден келген 60-тан аса ойыншының басын қосты.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 10 мың АҚШ доллары, бұл – Орталық Азиядағы Го турнирлері арасындағы ең ірі жүлде қоры. Бас демеуші – кәсіпкер, Қазақстан Го қауымдастығының президенті Ерлан Құнанбаев.
«Биылғы турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Корея Республикасы және Біріккен Араб Әмірліктерінен спортшылар мен ресми делегациялар қатысып жатыр. Негізгі мақсатымыз – Қазақстанда Го мәдениетін дамыту, балалар мен жастар арасында зияткерлік спортты кеңінен насихаттау және еліміздің халықаралық зияткерлік спорт қауымдастығымен байланысын нығайту», – деді Қауымдастық президенті.
Го – адамзат тарихындағы ең көне зияткерлік ойындардың бірі. Төрт мың жылдан астам тарихы бар ойын бүгінде әлемнің ондаған елінде миллиондаған адамды біріктіріп, стратегиялық ойлау, талдау қабілеті, сабырлылық және ұзақ мерзімді шешім қабылдау дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Турнирге қатысушы Азамат Махамбет жұмыстан кейінгі уақытта Го ойынын ойнап жүріп, өз миссиясын тапқан.

«Әдетте өмірде бір жағдайдарлы түсіну үшін оның суретін салып, жазу керек болады. Го ойынының тақтасы – Габан сурет салуға жақсы. Бұл ойын өмірдің әртүрлі сценарийлеріне қызық өлшембірлік деуге болады. Бүгінгі ойында менің тобымда мықтылар көп, олар Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Қазақстаннан қатысып отыр. Қазіргі таңда елімізде Го ойынын дамытуға, әсіресе қазақ тілінде ойыншыларға сабақ беру менің миссияма айналды. Бұл мен үшін – жұмыстан тыс уақытта айналысатын хоббиім», – деді қатысушы.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан мен шетелдің Го ұйымдарының, спорт қауымдастығының және зияткерлік спорт саласының өкілдері қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Қазақстан Го қауымдастығының президенті Ерлан Құнанбаев, Қазақстан Го федерациясының президенті Ерлан Баймұхаметов, Қырғызстан Го федерациясының президенті Даврон Юлдашев, Шыңжаң Го қауымдастығы төрағасының орынбасары Е Сяоюнь, Шыңжаң шахмат және зияткерлік ойындар қауымдастығының төрағасы Лу Цююй, Қазақстан Го мектебінің директоры Ринат Амангелді және Қазақстан шахмат федерациясының өкілі Болат Амансугуров болды.

Айта кетейік, Қазақстанда Го ойынын жүйелі дамыту жұмыстары 2022 жылы басталды. 2023 жылы Алматыда алғашқы Го мектебі ашылса, 2025 жылы Қазақстан Го қауымдастығы құрылды. Соның нәтижесінде ойын мемлекеттік және жекеменшік мектептерде, сондай-ақ жоғары оқу орындарында оқытыла бастады. Бүгінде елімізде 5 мыңға жуық адам Го ойынын меңгерген. Ал Го мектебі ашылғалы бері халықаралық және республикалық деңгейде 20-ға жуық турнир ұйымдастырылды.




