Қазақстан прокуратурасы баланың ұлтын анықтауға қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Енді құжаттағы «ұлты» бағанына қатысты ескі қағидалар өзгеріп, бала құқығына басымдық берілуі мүмкін. Бұл туралы Todayinfo порталы жазды.
Бұл жаңалық әсіресе тағдыр тәлкегімен ата-анасыз қалған, құжаттары жоғалған немесе өзге ұлт өкілі бола тұра, қазақы ортада тәрбиеленген балалар үшін өте маңызды. Прокуратура өкілдері қолданыстағы заңның кейбір тұстары Конституцияға қайшы келетінін алға тартты.
Ескі заң неге жарамай қалды?
Осы уақытқа дейін «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 65-бабына сәйкес, баланың ұлты тек қана оның биологиялық ата-анасының ұлтына қарап айқындалатын. Яғни, бала есейгенде төлқұжатына әкесінің немесе анасының ұлтын ғана жаздыра алатын еді. Басқа таңдау болған жоқ.
Алайда, Конституциялық сот бұл талапты әділетсіз деп тапты. Өйткені өмірде түрлі жағдайлар болады:
-
Баланың ата-анасы кім екені мүлдем белгісіз болуы мүмкін;
-
Биологиялық ата-анасының ұлтын растайтын құжаттар сақталмаған жағдайлар кездеседі;
-
Ең маңыздысы — балалар үйінде немесе өзге ұлттық ортада тәрбиеленген баланың өзін тәрбиелеген ортаның мәдениетіне жатқызғысы келетін кезі жиі болады.
Енді қандай өзгеріс күтілуде?
Астана қалалық прокуратурасының аға прокуроры Әлия Қыстаубаеваның түсіндіруінше, қолданыстағы заң баланың жеке басын сезіну құқығын шектейді. Мысалы, қазақ отбасы асырап алған өзге ұлт баласы өзін қазақ сезініп, құжатына «қазақ» деп жаздырғысы келсе де, заң бұған рұқсат бермей келген.
Конституциялық соттың №70 нормативтік қаулысынан кейін бұл жағдай өзгеруге тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, енді заңға баланың ұлтын анықтаудың баламалы жолдарын қарастыратын түзетулер енгізілуі керек.
Яғни, болашақта баланың ұлтын тек «қанмен» емес, оның тәрбиеленген ортасы мен жеке қалауына қарай да анықтау мүмкіндігі пайда болуы ғажап емес.




