Елорданың басты нышандарының бірі Бәйтерек монументі алдында әдепсіз фотосессия жасаған студентке қатысты Астана соты істі қарады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілерде бір жігіттің жерде жатып, Бәйтерек ескерткішінің алдында әдепсіз ым-ишара көрсеткен фотосуреттері тарады. Желі қолданушылары қазақстандықтың бұл әрекетін қоғамға деген құрметсіздік деп бағалап, наразылық білдірді.
Бұған дейін Астана полициясы 19 жастағы астаналықтың ұсталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 434-бабы, «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанын хабарлаған болатын. Іс сотқа жетті.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Қ. есімді азаматты ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Құқық бұзушының әрекеті «Бәйтерек» монументін пайдалана отырып, әдепсіз визуалды ым-ишара жасаумен көрініс тапты. Бұл қоғамға деген ашық құрметсіздікті және жалпы қабылданған мінез-құлық нормаларын бұзуды көрсетеді, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сотта жігіт кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді. Дегенмен, сот оған 5 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.




