Фото: УНИАН
Қазақстанда инфляция қарапайым халықтың қалтасына күн сайын соққы беріп жатыр. Баға азық-түліктен бастап жанармай мен шетелде демалуға дейін қымбаттаған. Тіпті Дубайда демалу да енді бұрынғыдай қолжетімді емес, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Бюро ұлттық статистикасының мәліметінше, бір жыл ішінде азық-түлік бағасы 13,5%-ға өскен. Ең қатты қымбаттаған өнімдер қатарында сиыр еті (+32,1%), қой еті (+28,8%), шұжық (+19,3%), алма (+18,4%) және өсімдік майы (+17,5%) бар.
Жанармай нарығында да жағдай мәз емес.
Бензиннің АИ-92 маркасы 16%-ға, АИ-95/96 – 14,1%-ға қымбаттаған. Ал баллондағы сұйытылған газ бір жылда 23,2%-ға өскен.
Бұл көлігі бар әр қазақстандықтың шығыны артқанын білдіреді.
Инфляция тұрмыстық техника мен киім-кешекті де айналып өтпеді.
Зергерлік бұйымдар 38,2%-ға, шаңсорғыш – 33,2%-ға, ноутбуктер – 27,6%-ға, кір жуғыш машиналар – 17,7%-ға қымбаттаған.
Қызмет көрсету саласында да баға тоқтаусыз өсіп жатыр. Дубайдағы демалыс құны бір жылда 47,5%-ға көтерілген. Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау – 14,8%-ға, медицина – 14,5%-ға, қоғамдық тамақтану – 14%-ға, көлік қызметтері – 10,9%-ға қымбаттаған.
Коммуналдық қызметтер де шет қалған жоқ – тарифтер 6,4%-ға өскен.
2025 жылдың қарашасында жылдық инфляция 12,4%-ды құраған. Ұлттық банк 2026 жылы инфляция 9,5–12,5% аралығында болады деп болжаса, сарапшылар бұдан да пессимистік сценарийді айтады. Қаржыгерлер қауымдастығы инфляция 11,7%-ға жетуі мүмкін деп есептейді.
Freedom Finance Global аналитигі Данияр Оразбаевта биыл инфляция екі таңбалы деңгейде сақталатынын жоққа шығармайды.
Инфляция – жай статистика емес. Ол халықтың нақты табысын азайтып, жалақы мен жинақтың құнын түсіреді. Бағалар өсіп жатқанда, қазақстандықтар сол ақшасына бұрынғыдан әлдеқайда аз нәрсе сатып алуға мәжбүр.




