Жаңадан құрылған Абай облысының әкімі Берік Уәли республикалық референдумда өз таңдауын жасады. Ол Семей қаласындағы Медициналық университет ғимаратында орналасқан №93 учаскеде дауыс берді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы бұл күннің ел үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтіп, жаңа облыс тұрғындарының азаматтық белсенділігіне сенім білдірді.
"Бұл – еліміз үшін тарихи күн. Абай елінің жұртшылығы жоғары азаматтық белсенділік танытып, болашақ үшін өз таңдауын жасайтынына сенімдімін", – деді Берік Уәли.
Жалпы облыс аумағында 465 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 429-ы ашық, ал 36-сы жабық мекемелерде орналасқан. Өңірде 400 151 сайлаушы дауыс беруге құқылы. Ашық учаскелерде тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін арнайы мәдени шаралар мен жәрмеңкелер ұйымдастырылған.
Референдумды өткізуде халықтың барлық тобына, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылған. Учаскелерде пандустар орнатылып, арнайы кабиналар қарастырылған. Ал денсаулығына байланысты келе алмайтын азаматтар үшін тасымалды жәшік арқылы үйде дауыс беру мүмкіндігі бар.
Бүгін өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 28 арнайы көлік (инватакси), 6 сурдоаудармашы және әлеуметтік қызметкерлер жұмылдырылған. Референдумды өткізу процесіне 3254 адамнан тұратын комиссия мүшелері атсалысуда.
Фото: Әлеуметтік желіден




