Todayinfo.kz
СаясатБарлық жазбаларды қарау

Бейжің төріндегі құрмет: Қытай Қазақстан елшісін жоғары наградамен марапаттады (видео)

Қытай билігі Шахрат Нұрышевті жоғары наградамен марапаттады.

Авторы Айдар Керім··1 мин оқу
Бейжің төріндегі құрмет: Қытай Қазақстан елшісін жоғары наградамен марапаттады (видео)
📷 Коллаж: Todayinfo.kz Марья Айдарбаева

Салтанатты рәсім барысында марапатты ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И табыстады. Қазақстан елшілігіне көрсетілген құрметке шетелдік дипломаттар, жергілікті және халықаралық БАҚ өкілдері қатысты. Айтулы шараға Todayinfo.kz агенттігінің тілшісі де қатысқан.

Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Шахрат Нұрышев бұл награданы жеке жетістігі емес, Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты әрі сенімді қарым-қатынастың нәтижесі ретінде бағалайтынын айтты.

— Бұл марапатты тек менің еңбегім емес, Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың дамуына берілген баға деп санаймын. Менің кәсіби қызметім екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтумен тығыз байланысты. Осы уақыт ішінде Қытаймен бірлескен ірі жобалардың жүзеге асуына ат салысып, сенімге ие болдым. Бүгінде Қазақстан Қытай үшін тек экономикалық серіктес қана емес, сенімді көрші мемлекетке айналды, — деді елші.

Мәліметке сәйкес, былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 48,7 миллиард долларға жеткен. Қазіргі таңда екі ел арасында 270-тен астам инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, теміржол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бірлескен жобалар да қарқынды жүргізілуде.

— Біздің ел Еуразия кеңістігінде және әлемде тұрақтылықтың сақталуына мүдделі. Осы бағытта екіжақты қарым-қатынасты дамытуға үлес қосып отырған Қытай Сыртқы істер министрлігіне алғысымды білдіремін. Қазақстан мен Қытай арасындағы сенімді достық екі халықтың игілігі үшін қызмет етеді деп сенемін, — деді Шахрат Нұрышев.

Айта кетейік, Шахрат Нұрышев Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне 2022 жылы тағайындалған.

Ұқсас материалдар

Бейжің төріндегі құрмет: Қытай Қазақстан елшісін жоғары наградамен марапаттады (видео) · Todayinfo