Батыс Қазақстан облысының Бөкейорда, Жәнібек, Жаңақала және Қазталов аудандарында жұқпалы ауру белең алып, мал жаппай қырылуда. Өңірдегі ветеринария басқармасының мәліметінше, ауру киік мекендейтін жерлерінде таралған.
Ведомство басшысы Абзал Бралиевтің айтуынша, 22 ауылдық округте 5484 бас малдан ауру белгілері анықталған. Оның 3732-сі емделіп шыққан. Алайда 217 бас ірі қара (оның 189-ы бұзау) және 11 қой қырылған.
«Өкінішке қарай, ауру салдарынан 217 бас ірі қара, оның ішінде 189 бұзау, сондай-ақ 11 қой өлді. Өлім себептері әртүрлі, бәрін тек аурумен байланыстыруға болмайды. Сынамалар алынды, нәтижелері әлі жоқ. Сонымен қатар әлсіз малдар қырылады. Кейбір бұзаулардың қарнынан пакеттер мен жіптер табылды», – деді Абзал Бралиев брифингте.
Фермерлер ветеринарлармен бірге ауру малдарды емдеу шараларын жүргізуде. Биыл облыста 12 аса қауіпті ауруға қарсы малдарды вакцинациялау жоспарланған.
Бұған дейін БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы сайгақтар арасында жұқпалы ауру тіркелгенін хабарлаған. Сайгақ өлекселерінен алынған сынамалардың зерттеу нәтижесінде пастереллез анықталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.




