Алматыда соғысқа қарсы ұстанымымен және Қазақстанда Мәскеуден тәуелсіз шіркеу құру идеясымен танылған бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцов қамауға алынды. Полиция оны «есірткі сақтайтын орын ұйымдастырды» деп айыптаса, жақтастары мұны Ресей православ шіркеуінің арандатуы деп санайды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
13 ақпанға қараған түні Воронцовтың үйіне тінту жүргізіліп, «ұнтақ заттар» табылғаны айтылды. Полицияның хабарлауынша, сараптама оның есірткі қолданғанын растаған, сол себепті ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Алайда адвокат Ғалым Нұрпейісов құқық қорғау органдарының кінәсіздік презумпциясын бұзғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, табылған ұнтақтың құрамы әлі нақты анықталмаған, ал Воронцовтың өзі марихуана тұтынғанын жоққа шығарып, сараптама қорытындысымен келіспейді.
"Үйімде ешқандай притон болған емес. Табылған ұнтақ маған тиесілі емес, бұл — мені қаралау үшін жасалған арандату", — деді Воронцов қамаудан жолдаған хатында.
39 жастағы Владимир Воронцов (діни есімі – Иаков) – Алматының тумасы. 2010 жылы діни қызметке келіп, қазақ тілін үйреніп, уағыздарын қазақша жүргізуімен және тарихи мақалаларымен танылған.
Оның Ресей православ шіркеуімен (РПШ) қарым-қатынасы 2022 жылы Украинадағы соғыс басталғаннан кейін шиеленісе түсті. Ол соғысты айыптап, РПШ басшылығын ашық сынады. Осыдан кейін, 2023 жылы РПШ оны діни қызметкер шенінен айырды. Бұған жауап ретінде Воронцов Қазақстанда Мәскеуге бағынбайтын тәуелсіз (автокефальды) шіркеу құру бастамасын көтерді.
«Мир всем» қорының өкілі Валериан Дунин-Барковскийдің пікірінше, Воронцовқа жасалып жатқан қысымның артында РПШ мен оның Қазақстандағы басшылығы тұруы мүмкін. Олар Воронцовты «шіркеуді бөлшектеуші» деп санайды.
Фото: Әлеуметтік желіден




