Димаш Құдайберген енді тек өзі өнер көрсетіп қана қоймай, басқа әртістерге продюсер болады. Оның алғашқы жобасы — қытайлық Voice Beyond Horizon шоуының жеңімпазы Нұржас Садырбаев, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Әртіс өзінің әлеуметтік желілеріндегі парақшасында мансабындағы жаңа кезең туралы айтты. Оның сөзінше, ол Нұржас Садырбаевты Hunan TV арнасындағы шоуда жеңіске жеткеннен кейін өз қамқорлығына алған.
«15 жылдық мансабымда халықаралық байқауларға қатысудан бастап, әлемнің түкпір-түкпірінде жеке концерттер беруге дейінгі ұзақ жолдан өттім. Енді осы тәжірибеммен бөлісіп, елімізді әлемдік ареналарда — Азиядан бастап Америка құрлығына дейін таныстыратын әртіс дайындайтын кез келді!» — деді әртіс.
Әнші алғашқы бірлескен релизді де жариялады. Ол студиядағы жұмыс сәттерін көрсетіп, әннің келесі аптада шығатынын хабарлады. Сонымен қатар, сәуір айының ортасында Макаодағы Weibo Gala салтанатында Димаш Құдайберген алғаш рет орындаушы ретінде емес, продюсер ретінде марапатталды. Оған халықаралық мәдени алмасуға қосқан үлесі үшін Weibo Macau China сыйлығы табыс етілді.




