Жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен қабылданған медициналық шешімдер үшін жауапкершілік дәрігерде қалады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ҚР Цифрлық даму және инновациялар бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді. Оның айтуынша, ЖИ заңды тұлға болып табылмайды, сондықтан жауапкершілік көтере алмайды. Ол тек маманға көмектесетін құрал ретінде қызмет етеді.
«Бұл мемлекеттік жүйе емес, біз оны барлығына мәжбүрлеп енгізбейміз. Бұл — құрал. Әр емхана қазір жабдық сатып алу мүмкіндігіне ие. Әр емхана дәрігерлер жұмысында қолданатын ЖИ-ге қатысы жоқ құралдарды да сатып ала алады», — деді Коняшкин.
Қазақстанда дәрігерлерге арналған ЖИ-ассистент іске қосылды. Ол пациенттермен әңгімені құжаттандырады, зерттеу нәтижелерін талдап, диагноз қоюға көмектеседі. Вице-министрдің айтуынша, ЖИ КТ суреттерін жылдам талдап, ықтимал қауіптерді көрсете алады, бірақ түпкілікті диагнозды дәрігер қояды.




