Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Дохада қазақ мәдениеті күндері басталды: Тазы мен саятшылық өнері көрсетілді

Қатар астанасы Дохада Қазақстанның мәдениет күндері басталды. Шара аясында сәндік-қолданбалы өнер көрмелері мен саятшылық өнері көрсетілді.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Дохада қазақ мәдениеті күндері басталды: Тазы мен саятшылық өнері көрсетілді

Қатар астанасы Доха қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет күндері салтанатты түрде ашылды. Бұл ауқымды шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Қазақстандық делегацияға Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жетекшілік етті. Ол сапар барысында Қатар Мемлекетінің Мәдениет министрі шейх Әбдірахман бен Хамад бен Джасим Әл Тәнимен кездесіп, мәдениет пен өнер саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Аида Балаева екі халықты ортақ тарихи және рухани құндылықтар жақындастыратынын атап өтті.

"Қазақстан мен Қатар халықтарын жақындастыратын ортақ тарихи және рухани құндылықтар бар. Екі ел де бай көшпелі өркениет мұрасын сақтап, дәстүрлі мәдениетті қадірлеуге айрықша мән береді. Осы ортақ құндылықтар алдағы уақытта да халықтарымызды одан әрі жақындастырып, жаңа бірлескен мәдени жобаларды іске асыруға берік негіз болады деп сенемін", - деді министр.

Өз кезегінде шейх Әбдірахман Әл Тәни екі ел қарым-қатынасының даму әлеуеті жоғары екенін айтып, бірлескен мәдени жобалар ынтымақтастықтың берік негізіне айналатынына сенім білдірді. Кездесуде креативті индустрия саласындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударылды. Қазақстандық тарап осы бағытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Мәдениет күндерінің негізгі іс-шаралары Дохадағы «Дарб Аль-Саги» тарихи орталығында өтіп жатыр. Мұнда қазақстандық өнер шеберлерінің гала-концерті өтіп, классикалық музыкадан бастап, халық күйлері мен әндері, тіпті араб әуендері де орындалды.

Сондай-ақ, шара аясында ҚР Ұлттық музейі дайындаған экспозиция мен сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұсынылды. Қонақтар қазақтың ұлттық дәстүрлерімен, соның ішінде дәстүрлі садақ ату, саятшылық және тазы итпен аң аулау өнерімен танысты.

Төрт күнге созылатын бағдарлама Қазақстан мен Қатар арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Алдағы уақытта Қатар Мемлекетінің мәдениет күндері Қазақстанда өтеді деп жоспарлануда.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар