Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жергілікті тұрғын Азат Қоныс әлеуметтік желілерде діни негіздегі араздық пен өшпенділікті қоздыруға бағытталған пікір жариялаған. Жедел-іздестіру барысында оның жеке басы анықталып, ұсталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Күдікті бірден уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен оған бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау түрі таңдалды. Қылмыстық кодекстің «Діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Азат Қоныс әлеуметтік желіде ішектік аспаптар, оның ішінде домбыраны да харам деп айтқан. Бұл видео әлеуметтік желіде кең талқыға түсіп, полиция іс қозғады. Еске сала кетейік, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі екі жыл бұрын домбыра тарту туралы пәтуа шығарған болатын. Онда: «Дінді насихаттайтын, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыратын әндер мен музыкаға рұқсат. Егер музыка пасықтыққа, бұзғыншылыққа, жаманшылыққа, азғындыққа, т. с. с. шариғатымызда тыйым салынған істерге алып барса тыйым салынады. Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқының ұлттық аспабы — домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған. Сондықтан домбыраны тартуға болады», — деп айтылды.




