Әлем назары тағы да Украинадағы жағдайға ауды. АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог сенсациялық мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, тараптар бейбіт келісімге қол қоюға "шынымен де өте жақын" қалған.
Бұл туралы саясаткер Fox News арнасына берген сұхбатында айтты. Алайда, соғысты тоқтату үшін ең күрделі екі түйінді шешу қажет болып тұр.
Басты екі кедергі қандай?
Кит Келлогтың сөзінше, келіссөз үстеліндегі басты дау – Донбасс аймағының болашағы мен Запорожье атом электр станциясының (ЗАЭС) тағдыры.
«Егер біз осы екі мәселені реттей алсақ, қалған түйткілдер өздігінен шешіледі деп ойлаймын. Біз мақсатқа жетуге аз қалдық», - деді арнайы өкіл.
Америкалық тараптың алғашқы ұсынысына сәйкес, Запорожье АЭС жұмысы Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) қатаң бақылауымен қайта жандануы тиіс. Ал өндірілген электр энергиясын Ресей мен Украина өзара бөлісіп тұтынуы керек деген жоспар бар.
«Мәреге 10 метр қалды»
Трамптың сенімді өкілі қазіргі жағдайды спорттық тілмен түсіндірді. Оның пікірінше, бейбітшілік орнату процесі «мәреге жетердегі соңғы 10 метрде» тұр. Бірақ дәл осы соңғы қадамдар әрқашан ең қиыны болып саналады.
Сондай-ақ, Келлог сұмдық статистиканы жария етті. Толық ауқымды соғыс басталғалы бері Ресей мен Украина тарапынан жалпы есебі 2 миллионнан астам адам қаза тауып немесе жараланған.
Қазіргі жағдай қандай?
Reuters агенттігінің дерегінше, қазіргі уақытта Ресей Украина аумағының шамамен 19,2 пайызын бақылауда ұстап отыр. Оның ішіне Қырым, Луганск облысы түгелдей, Донецк облысының 80 пайызы, сондай-ақ Херсон мен Запорожье облыстарының басым бөлігі кіреді.
Айта кетейік, бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен ұзақ әрі мазмұнды телефон әңгімесін өткізгенін хабарлаған болатын.
https://youtu.be/JqLSNYbxf34



