АҚШ арнайы күштері Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайын ел аумағынан күшпен алып кетті. Дональд Трамп рұқсат берген бұл құпия операция әлемдік саясатта үлкен дау туғызып, халықаралық қауымдастықты екіге жарды.
Бұл оқиға тек Латын Америкасы емес, бүкіл әлемдік геосаясат үшін, оның ішінде мұнай нарығына қатысушы елдер үшін де маңызды сигнал болып отыр.
Тұтқындау операциясы қалай өтті?
Америкалық беделді басылымдардың дерегінше, операцияны АҚШ-тың әйгілі «Дельта» (Delta Force) арнайы жасағы жүзеге асырған. Николас Мадуроның нақты қай жерде екенін анықтауға Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) атсалысқан.
Ақ үй әкімшілігі бұл қадамға бару үшін бірнеше ай дайындалған көрінеді. Дереккөздердің айтуынша, операция туралы АҚШ Конгресіне алдын ала ескертілмеген, заң шығарушыларға хабарлама іс біткен соң ғана жеткен. Тіпті Венесуэламен шекаралас әрі АҚШ-тың одақтасы саналатын Колумбия билігі де операцияның нақты уақытынан бейхабар болған.
Айыптау және Ресейдің реакциясы
АҚШ билігінің ұстанымы нақты: олар Мадуроны президент емес, есірткі картелінің басшысы деп санайды. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың сөзінше, Мадуро «Күн картелі» (Cartel of the Suns) арқылы билікті басып алып, есірткі тасымалдаумен айналысқан.
АҚШ Бас прокуроры Пэм Бонди тұтқындалған ерлі-зайыптыларға «наркотерроризм» және қару-жарақ сақтау бабы бойынша айып тағылғанын растады.
«Олар жақын арада Америка жерінде, Америка соттарында жауап береді», — деп мәлімдеді Бас прокурор.
Бұл жағдайға Мәскеу шұғыл реакция білдірді. Ресей Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың әрекетін «егемен мемлекеттің тәуелсіздігіне қол сұғу» деп бағалап, жағдайды дереу түсіндіруді талап етті.
Әлем елдері не дейді?
Халықаралық аренада пікірлер қақ жарылды. Аргентина президенті Хавьер Милей «Бостандық жасасын!» деп қуанышын жасырмаса, Испания тарапы ұстамдылыққа шақырып, халықаралық құқықты сақтауды сұрады.
Ал Беларусь басшысы Александр Лукашенконың баспасөз қызметі бұл оқиғаны қатаң айыптап, жағдайдың ушығуы «екінші Вьетнамға» ұласуы мүмкін екенін ескертті.
Қазіргі уақытта Колумбия шекараға әскерін топтоп жатыр, ал мұнайға бай Венесуэладағы жағдай шикізат нарығына әсер етуі мүмкін деген қауіп бар.




