Todayinfo.kz
Өзгекті жазбаларБарлық жазбаларды қарау

Экономикасы құлдыраған Қостанай: бюджеттің 100 млрд теңгесін тиімсіз жұмсаған Құмар Ақсақалов басқаратын әкімдіктің масқарасы шықты

Жоғары аудиторлық палата Құмар Ақсақалов басқаратын Қостанай облысына аудит жүргізіп, масқара жайттарды жариялады. Жемқорлық жайлаған өңірде миллиардтаған қаражаттың тиімсіз жұмсалғаны анықталды деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық порталы. Құмар Ақсақаловтың командасы қарызға

Авторы Мейіржан Әуелханұлы··2 мин оқу
Экономикасы құлдыраған Қостанай: бюджеттің 100 млрд теңгесін тиімсіз жұмсаған Құмар Ақсақалов басқаратын әкімдіктің  масқарасы шықты
Бас аудитор Әлихан Смайыловтың есебіне сәйкес, соңғы төрт жылда (2020–2024 жж.) облыстық бюджет кірісі 75 пайызға өскен. Бірақ, өңірдің жеке табыс үлесі тек 29 пайыздан 36,1 пайызға ғана көтерілген. Сонымен қатар жергілікті билік бос жатқан 19 млрд теңге бюджет қаражатын пайдаланбай отырып, қосымша 30 млрд теңге қарыз тартқан. Бұл жергілікті атқарушы органдардың бюджет шығындарын жоспарлау мен мемлекеттік қарыз жүктемесін үйлестіре алмағанын көрсетеді.

Ірі жобалар іске қосылмаған

2025 жылға жоспарланған жалпы құны 188 млрд теңгені құрайтын сегіз инвестжобаның алтауы уақытында іске қосылмаған.
Өңірді дамыту бағдарламасы аясында жыл сайын 12-ден 164-ке дейін жоба іске асырылмай, тізімнен шығарылып отырған. Бұған қоса құрылыс барысында жобалық-сметалық құжаттаманың дұрыс жасалмауынан нысандарды пайдалануға беру кешігіп, қосымша түзетулер жасауға тура келген.
Кәсіпкерлікті қолдау шарасы да нәтижесіз болып шыққан. 11 млрд теңгеге қолдау көрсетілген 352 кәсіпорынның 179-ы жұмысын тоқтатса, 168-і жұмыс орындарын ашу бойынша міндеттемесін орындамаған. Мемлекеттік қолдау кей жағдайда бәсекеге қабілетті, қаржылық жағдайы жақсы кәсіпорындарға жасырын субсидия ретінде берілгені де анықталды. Бұл жағдай әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысына зиянын тигізіп отыр.

Тас жолдың да талқаны шығып, теңге рәсуа болған

Тексерілген 12 нысанның барлығында дерлік асфальт жамылғысының сапасы нашар екені жолдардың шөгуі мен бұзылулары анықталды. Өңірдің ауыл шаруашылығында да құлдырау байқалады. 2022 жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі төмендеп, мал басы азайған, ал таратылған шаруашылықтардың саны артқан. Мемлекеттік сатып алу саласында 12 млрд теңгеге жуық заң бұзушылық тіркелген. Атап айтқанда, конкурстық талаптарға сай келмейтін жеткізушілердің жеңімпаз деп танылуы, төтенше жағдайларды себеп етіп, бір көзден сатып алу және арнайы тәртіпті негізсіз қолдану фактілері анықталды. Денсаулық сақтау саласында да миллиардтаған қаражатқа заң бұзушылық орын алған. Мысалы, дәрігерлік амбулаториялардың құрылысында медициналық жабдықтар бағасы 200 млн теңгеге артық көрсетілген. Құрылғылардың кейбірі жобалық құжаттамадан 18-46 есе арзан бағамен сатып алынып, ал баға белгілеу банкрот деп танылған компанияның прайс-листерімен негізделген.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша Қостанай облысында 51 млрд теңгенің қаржылық заң бұзушылығы және тағы 50 млрд теңгенің бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен жұмсау дерегі тіркелді.
Қазір 52 дерек бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін тиісті органдарға жолданды. Айта кетелік, бұған дейін Құмар Ақсақаловтың орынбасары аса ірі көлемде жемқорлық ісі бойынша ұсталып, қамауға алынған еді.

Ұқсас материалдар

Экономикасы құлдыраған Қостанай: бюджеттің 100 млрд теңгесін тиімсіз жұмсаған Құмар Ақсақалов басқаратын әкімдіктің масқарасы шықты · Todayinfo