Қазақстан мен Ресей әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бірлескен оқу-жаттығуын бастады. Бұл шара 20 ақпаннан 10 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бұл – алдын ала бекітілген жоспарлы шара. Оның негізгі мақсаты – екі ел әскерилерінің өзара іс-қимылын жақсарту және әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлік әзірлігін арттыру.
"Оқу-жаттығу кезінде әскерилер әуе нысаналарын анықтап, сүйемелдеуді, шартты түрде шекара бұзған ұшақтарды ұстап, оларды белгіленген әуеайлақтарға қонуға мәжбүрлеуді пысықтайды", - деп нақтылады қорғаныс ведомствосы.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі азаматтарды тек ресми ақпаратқа сүйеніп, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
Фото: Әлеуметтік желіден




