Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен жиында жаңа Конституция жобасының негізгі баптары мен тұжырымдамалық өзгерістері талқыланды.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен елорда активінің қатысуымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған жиын өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Маңызды шараға мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, әкімдік басқармаларының басшылары, аудан әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Конституциялық комиссия мүшелері – Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнулқабден мен Қоғамдық кеңес төрағасы Зұлфухар Ғайыпов сөз сөйлеп, Конституцияның жаңа редакциясы жобасында қарастырылған негізгі ережелер мен тұжырымдамалық өзгерістерді таныстырды.

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек өз сөзінде елімізде Негізгі заңды жаңарту бойынша ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүріп жатқанын атап өтті. Ол Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған конституциялық комиссия құрамына мемлекет қайраткерлері, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдерінен тұратын 130-ға жуық маман кіргенін еске салды.
Жиынға қатысушылардың айтуынша, жаңа Конституция жобасында мемлекеттіліктің негізгі құндылықтары бекітілген.
"Жобада тәуелсіздік, аумақтық тұтастық, ұлттық бірегейлік, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтары сияқты базалық құндылықтар бекітілген. Мәдениет пен білім, ғылым мен инновация – елдің және адами капиталдың дамуының стратегиялық басымдықтары, ал табиғатқа ұқыпты қарау – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі ретінде анықталды", - делінген талқылауда.
Кездесу соңында алдағы кезеңдегі негізгі міндет – қоғамға конституциялық өзгерістердің мәнін және олардың елдің одан әрі дамуы үшін маңызын жан-жақты түсіндіру екені айтылды.
Фото: Әлеуметтік желіден