Қазақстан тек құрлықта ғана емес, әуеде де алтын көпірге айналуы тиіс. Әлемнің тоғызыншы аспаны саналатын біздің ел халықаралық авиакомпаниялар үшін ең тиімді әрі қауіпсіз дәліз саналады, деп жазады 24.kz-ке сілтеме жасаған Todayinfo.kz.
Әсіресе қазіргідей аласапыранда жұрттың көбі Қазақстан арқылы ұшуға асығады. Өйткені алаңсыз отырмақ. Ал қазақ аспаны арқылы күніне қанша ұшақ ұшады? Одан пайда қандай? Болашақ жоспар не дейді?
Қазақстанның географиялық орыны логистикалық тұрғыда өте тиімді екенін үнемі айтамыз. Бірақ еліміздің әуе кеңістігін пайдаланатын шетелдік ұшақтар бізге салық төлейтінін бірі білсе, бірі біле бермейді. Мәселен, Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі әуе дәліздерінің қатарына жатады.
Күніне 1300-ге жуық ұшақ ұшып қонса, айына 40 мыңнан астам рейс жасалады. Оның 75 пайызы шетелдік әуе компанияларына тиесілі.
Мәди Мәжитов, “Қазаэронавигация” РМК басқарушы директоры: - Қазақстан арқылы қысқа трассамен бе немесе ұзын трассамен ұшып өтті ме соған қарайды. Қазақстан территориясы үлкен ғой. Сондықтан олардың маршруты әртүрлі болады. Оның салмағына, көлеміне байланысты 64-тен 120 долларға дейін 100 км үшін осынша ақша ұсталынады. Ал енді біздің компанияның нақты табысы коммерциялық құпия болып табылады.
“ҚазАэроНавигация” бақылайтын әуе кеңістігінің жалпы ауданы 2 млн 757 мың 300 шаршы шақырым. Көрші елдермен 74 әуе дәлізін орнатқан. Кәсіпорын былтыр 460 мыңға жуық ұшаққа қызмет көрсетті. Биыл бұл көрсеткіш тағы өседі.
Әуе кеңістігі - 2 757 300 км2 Әуе дәлізі - 74 2025 ж - 460 мыңға жуық.
Думан Смақов, FACTCHECK.KZ сайтының бас редакторы: - Жалпы Қазақстан арқылы өтетін транспорттық ағындарды бірнеше сервистен бақылап көруге болады. Мысалы, ұшақтарға қатысты Flightradar секілді сервис арқылы көруге болады.
Бұл жерде нақты Қазақстан арқылы қандай ұшақтар және ұшақ қайда бағытталды, Қазақстанның қаласынан ұшты ма немесе шетелден транзит арқылы ел территориясы арқылы ұшып бара жатыр ма қарап көрсек болады.
Мерей Қанапия, тілші: - Қазір сағат 17:50. Қазақстан аумағы арқылы шамамен 120-дан астам ұшақ қалықтап, ұшып жүр. Басым бөлігі шетелдік әуе компанияларына тиесілі. Олар еліміздің батысы мен оңтүстігі арқылы Еуропа мен Азияға бағыт алған. Әуе кеңістігін пайдаланудан түсетін төлемдер аэронавигациялық қызмет көрсету мен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Бұл сала қазір ел қазынасына тұрақты кіріс әкелетін бағыттардың біріне айналып келеді.
Мәди Мәжитов, “Қазаэронавигация” РМК басқарушы директоры: - Ресей мен Украина арасында болған саяси жағдай 2022 жылы басталғанда әуе кеңістігінде ұшу потогы бір сәтте жоғарылап кетті. Оған біздің жүйеміз дайын болды. Авиадиспетчерлердің жоғары деңгейі соған мүмкіндік берді еш ақаусыз.
Қысқасы, Қазақстанның үстінен өтетін ұшақтар жерге қонбаса да ел экономикасына пайда әкеледі. Әрбір транзиттік рейс – бюджетке түсетін қосымша кіріс әрі еліміздің халықаралық көлік дәлізіндегі маңызын арттыратын фактор. Ендігі мәселе президент тапсырмасымен әлемдегі ірі ұшақтарды қондырып, қызмет көрсете алатын әуежайлар жасақтау. Өйткені жолаушылардан бөлек жүк тасымалы Қазақстанның трназиттік әлеуетін арттыра түсетін болады.
Дереккөз: 24.kz




