Қарағанды облысынан Жаңа Конституцияны қолдайтын Жалпыұлттық коалиция мүшесі Ерболат Зәкіров жеке меншік құқығын қорғау нарықтық экономиканың басты тіректерінің бірі екенін атап өтті. Бұл туралы Todayinfo.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Оның айтуынша, жеке меншік кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз етіп, экономикалық өсімге ынталандырады әрі азаматтардың жеке құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Алайда бұрын мүлікті құқықтық қорғау және оны мемлекет мұқтажы үшін алу тетіктері бойынша түрлі сұрақтар туындап келген.
Ерболат Зәкіровтің пікірінше, жаңа Конституцияда жеке меншік құқығының мызғымастығы нақты бекітіліп отыр.
«Жаңа Конституция жеке меншіктің қол сұғылмау принципін түпкілікті бекітеді. Енді мүліктен айыру тек сот шешімі арқылы ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар мемлекет мұқтажы үшін алынған жағдайда оның орнына тең құнды өтемақы төлеу міндеті де нақты көрсетілген», – деді ол.
Ол бұл өзгерістердің Қарағанды облысы үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Айтуынша, өңір аумағы жағынан еліміздегі ең ірі аймақтардың бірі және қуатты өнеркәсіптік әлеуетке ие.
«Экономика тұрғысынан алғанда, біздің өңірде меншік құқығының толық әрі сенімді қорғалуы өте маңызды. Мен жеке кәсіпкер ретінде бұл мәселемен күнделікті бетпе-бет келемін және жағдайды ішінен жақсы білемін», – деді Ерболат Зәкіров.
Оның айтуынша, Қазақстан бұл бағытта дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп отыр.
«Мысалы, АҚШ Конституциясының бесінші түзетуі жеке меншікті қоғамдық қажеттілік үшін әділ өтемақысыз алып қоюға тыйым салады. Осындай нормалар Францияда, Германияда және басқа да елдерде бар», – деді ол.
Сонымен қатар жаңа Конституцияда меншік иелерінің экологиялық талаптарды ескере отырып пайдалану міндеті де қарастырылған. Бұл норма өнеркәсіптік аймақтар үшін өзекті.
Ерболат Зәкіров түсінікті ережелер, мемлекеттік кепілдіктер және заңнамалық олқылықтардың болмауы азаматтардың әл-ауқатының артуына оң әсер ететініне сенімді.
«Сондықтан 15 наурыздағы референдумда мен жаңа Конституцияны қолдаймын және баршаңызды дауыс беруге келуге шақырамын», – деді ол.




