Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Ғалым: қарсы дауыс бергені үшін парламентті тарату – тоқырауға апарады

Белгілі ғалым Досай Кенжетай парламенттің саяси шешімі үшін таратылуын халықтың таңдауын жоққа шығару деп бағалады. Оның айтуынша, бұл демократия емес.

Авторы Мұхтар Жексенбай··2 мин оқу
Ғалым: қарсы дауыс бергені үшін парламентті тарату – тоқырауға апарады
Философ, ғалым Досай Кенжетай президент ұсынған кандидатқа қарсы дауыс бергені үшін парламентті тарату тәжірибесін халық еркін басып-жаншу деп атап, қатаң сынға алды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Оның пікірінше, мұндай жағдай сайлау институтын көзбояушылық рәсімге айналдырады. Себебі заң бойынша депутатқа «қарсы дауыс беруге құқығың бар» делінгенімен, сол құқықты пайдаланса – жазаланады. Ғалым мұны еркіндік емес, шартты түрде мойынсұну деп бағалайды. «Халық еркі қалай еленбеген? Парламент – халықтың еркін білдіретін орган. Оны тарату – жекелеген депутатты емес, миллиондаған сайлаушының таңдау еркін жою деген сөз. Сондықтан, парламентті саяси шешімі үшін тарату – халықтың саяси таңдауын жоққа шығару. Бұл өте ауыр конституциялық салдар», – деп атап өтті Кенжетай. Сарапшы бұл жағдайды Батыстық саяси философия тұрғысынан да талдады.
"Батыстық саяси философия тұрғысынан, Монтескьё қағидасы бойынша, билік билікті тежемесе – тирания туады. Ал мұнда парламент тежегіш болуы керек еді. Бірақ тежегені үшін өзі жойылады. Бұл іс жүзіндегі билік бөлінісінің имитациясы ғана", - деп жазды ғалым.
Сондай-ақ ол Әл-Фарабидің логикасына сүйеніп, билік парасат пен келісімге негізделуі керегін еске салды. Егер кеңес беруші орган (Мәжіліс) келіспегені үшін жойылса, онда ол кеңес емес, бұйрықты бекіту механизміне айналады. Досай Кенжетай мұндай басқаруды суперпрезиденттік жүйе деп атап, «тұрақтылық үшін» деген уәжбен келіспейтінін білдірді.
"Тұрақтылық еркіндікті жою арқылы қамтамасыз етілсе, ол тұрақтылық емес – тоқырау ғой. Парламент өз еркін қолданғаны үшін тарайтын болса, халық сайлау арқылы берген өкілеттігінен айырылады. Бұл – халық егемендігін іс жүзінде жоққа шығару", - деп қорытындылады ол.
Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар

Ғалым: қарсы дауыс бергені үшін парламентті тарату – тоқырауға апарады · Todayinfo