Todayinfo.kz
Жаңалықтар

Семейде баланы құтқарған гвардияшылар марапатталды

Семейде әскери қызметшілер үшінші қабаттың терезесінен құлай жаздаған баланы құтқарып, ерлігі үшін марапатталды.

Авторы Мұхтар Жексенбай··2 мин оқу
Семейде баланы құтқарған гвардияшылар марапатталды
📷 Дереккөз: inbusiness.kz

Семей қаласында Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің әскери қызметшілері кәмелетке толмаған баланың қатысуымен болған қауіпті жағдайдың алдын алып, көрсеткен ерекше сергектігі мен батыл әрекеттері үшін марапатталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Ұлттық ұланның мәліметінше, 8 сәуір күні Әуезов даңғылы бойынша патрульдік кезекшілік кезінде әскери наряд үшінші қабаттағы тұрғын үйдің ашық терезесінде ересектердің қарауынсыз қалған баланы байқаған. Қауіп дәрежесін бағалап, әскери қызметшілер терезе астына позиция алып, дереу әрекет етуге дайын тұрған.

Ата-анасы мен полиция қызметкерлері келгенге дейін баланың қауіпсіздігін патруль күшімен қамтамасыз еткен. Гвардияшылардың кәсібилігі мен үйлесімді әрекеттерінің арқасында ықтимал қайғылы оқиғаның алды алынды.

«Біз тез әрекет еттік, өйткені уақыт секундқа саналып тұрғанын түсіндік. Басты міндет – трагедияға жол бермеу болды. Қызметімізге осындай баға берілгені – мен үшін үлкен құрмет пен мақтаныш», – деді ефрейтор Бексұлтан Темірбеков.

Көрсеткен ерлігі үшін әскери наряд бастығы ефрейтор Дәулет Сейдалы, патрульдік ефрейтор Бексұлтан Темірбеков және қатардағы жауынгер Әлі Сағымбаев Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, ефрейтор Дәулет Сейдалы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы атынан «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ефрейтор Бексұлтан Темірбеков пен қатардағы жауынгер Әлі Сағымбаев әскери бөлім командирінің шешімімен он күндік қысқа мерзімді демалыс алды. Сондай-ақ әскери қызметшілерге қол сағаттары табысталды.

Ұқсас материалдар