Todayinfo.kz
Экономика

Қазақстан грек бизнесін қалай тартып жатыр: ірі инвестициялық жобалар жолға қойылуда

Қазақстан мен Греция бірлескен инвестициялық жобалар портфелін қалыптастырып, энергетика мен агроөнеркәсіп салаларында ынтымақтастықты тереңдетуге кірісті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Авторы Мұхтар Жексенбай··2 мин оқу
Қазақстан грек бизнесін қалай тартып жатыр: ірі инвестициялық жобалар жолға қойылуда
📷 Дереккөз: inbusiness.kz

Қазақстан мен Греция экономикалық әріптестікті нығайту жолында маңызды қадам жасап, бірлескен инвестициялық жобалар портфелін қалыптастыруда. Афинада өткен келіссөздер тараптардың энергетикадан бастап агроөнеркәсіпке дейінгі негізгі салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге деген өзара қызығушылығын көрсетті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Грекияға жұмыс сапары аясында елдің мемлекеттік органдары мен іскер топ өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Келіссөздер қорытындысы бойынша жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу және екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін басым бағыттар айқындалды.

Грекия Сыртқы істер министрінің орынбасары Харрис Теохариспен кездесуде тараптар Қазақстан-Грекия үкіметаралық экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының кезекті отырысына дайындық және екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. «Қазақстан Грекияның негізгі серіктестерінің бірі, әсіресе энергетика саласында. Сонымен қатар біз ауыл шаруашылығы, логистика және басқа да бағыттарда ынтымақтастықты кеңейту үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз», — деді грек дипломаты.

Өз кезегінде Әлібек Қуантыров қазақстандық тараптың өзара іс-қимылды тереңдетуге және бірлескен бастамаларды іс жүзінде іске асыруға дайын екенін атап өтті. «Біз өнеркәсіп, энергетика және инфрақұрылым салаларында бірлескен жобаларды іске қосу үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз. Өзара тиімділік пен тұрақты экономикалық нәтиже бере алатын нақты бастамаларды жүзеге асыруға назар аудару маңызды», — деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Қаржы-экономикалық және институционалдық өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Грекияның тәуелсіз мемлекеттік кірістер органының басшысы Георгиос Пицилиспен кездесуде салық әкімшілігін жетілдіру, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісім жасасу перспективалары талқыланды.

Қара теңіз сауда және даму банкінің президенті Серхат Кёксалмен және «Growthfund» (Грекияның мемлекеттік активтер корпорациясы) төрағасының орынбасары Панайотис Стампулидиспен келіссөздер барысында Қазақстан аумағындағы инфрақұрылымдық және қаржылық жобаларға қатысуды қоса алғанда, практикалық инвестициялық ынтымақтастықты жолға қою мүмкіндіктері қарастырылды.

Ұқсас материалдар