26 сәуірде Қазақстанның көптеген аймағында дауылды ескерту жарияланды. Күшті жел тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың және қала инфрақұрылымының зақымдануына әкелді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Күндіз жел Қарағанды облысына соқты. Әкімдіктің мәліметінше, желдің екпіні секундына 23 метрге жеткен. Қарағандыда үш тұрғын үйдің шатыры жартылай жұлынып, бір көлік зақымданған, әртүрлі аудандарда ағаштар мен ірі бұтақтар құлаған.
Абай қаласында екі бесқабатты үйдің шатыры бүлінген. Осакаров ауданындағы Жұлдыз ауылында №18 мектеп ғимаратының шатырының 400 шаршы метрге жуығы жұлынған. Қарқаралыда екіқабатты тұрғын үйдің шатыры зақымданып, №2 қазандық аумағында пайдаланылмайтын металл мұржа құлаған.
Күшті жел Павлодар облысына да соққан. Екібастұзда дауыл инфрақұрылымды зақымдаған: аялдама павильондары жұлынып, ғимараттардың шатырлары мен электр желілері бүлінген, электрмен жабдықтауда үзілістер болған.
Жергілікті тұрғындардың әлеуметтік желілерде жазғанындай, шаңды дауыл бірнеше минутқа қаланы ымыртқа бөлеп, кейін жер-жерде қатты жаңбыр жауған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ.




