Todayinfo.kz
Қызылорда облысыБарлық жазбаларды қарау

Испаниялық компания Қызылорда облысындағы зауыт құрылысына 44 млрд теңге инвестиция салады

Қызылорда облысында 44 млрд теңгеден астам сомаға заманауи санитарлық-техникалық өнімді өндіру және құрастыру зауытын салуға арналған инвестициялар туралы келісім жасалды. Оған бір тараптан өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Н

Авторы Жаннұр Еділбаева··3 мин оқу
Испаниялық компания Қызылорда облысындағы зауыт құрылысына 44 млрд теңге инвестиция салады

Қызылорда облысында 44 млрд теңгеден астам сомаға заманауи санитарлық-техникалық өнімді өндіру және құрастыру зауытын салуға арналған инвестициялар туралы келісім жасалды. Оған бір тараптан өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, екінші тараптан испаниялық Roca Group компаниясының еншілес кәсіпорны – «РОКА Қазақстан» ЖШС бас директоры Даниэль Эрнандес қол қойды, деп хабарлайды Todayinfo.

Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар тарту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Бұл бастама өндірісті локализациялауды арттыруға және отандық өнеркәсіптің дамуына серпін беруге бағытталған.

Жаңа зауыт керамикалық санитарлық өнімдерді, жуынатын бөлмелерге арналған жиһаздарды және өзге де бұйымдарды өндіруге және құрастыруға маманданады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың бірінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр. Жоба аясында 300-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, қазақстандық мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру көзделген.

Кәсіпорын өндіріс үдерістерін автоматтандырудың жоғары деңгейімен және экологиялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына сай өнім шығарумен ерекшеленбек. Бұл санитарлық-техникалық бұйымдар өндірісі бойынша Қазақстандағы алғашқы заманауи кәсіпорындардың бірі болады.

Жобаның жобалық қуаты жылына 500 мыңға жуық бұйымды құрайды. Өнімдер Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп, сондай-ақ Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарлануда.

Зауыттың іске қосылуы қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді.

Айта кету керек, инвестициялық келісім жасасу жоспары осы жылдың маусым айында Премьер-министр Олжас Бектенов пен Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Роктың кездесуі барысында талқыланған болатын. Құжатқа қол қойылуы ел экономикасының инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын және шетелдік инвесторлар сенімінің жоғары екенін көрсетеді.

Келісімге қол қою барысында Roca Group өкілдері Қазақстанды стратегиялық маңызды нарық ретінде бағалап, елдегі қолайлы инвестициялық ахуалға оң пікір білдірді.

Анықтама: Roca Group – сантехникалық жабдықтар өндірісі саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компанияның 100 жылдан астам тарихы бар, бүкіл әлем бойынша 78 өндірістік алаңды басқарады. Онда 20 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Компания өнімдері 170-тен астам елге жеткізіліп, жоғары сапасы мен инновациялық шешімдері арқылы кеңінен танымал.

Ұқсас материалдар

Испаниялық компания Қызылорда облысындағы зауыт құрылысына 44 млрд теңге инвестиция салады · Todayinfo