Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Италиядағы Олимпиада аяқталды: Қазақстан соңғы онжылдықтағы рекордын орнатты

Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада өз мәресіне жетті. Михаил Шайдоровтың тарихи алтынының арқасында Қазақстан жалпы есепте 19-орын алды.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Италиядағы Олимпиада аяқталды: Қазақстан соңғы онжылдықтағы рекордын орнатты

Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде жабылып, Олимпиада алауы сөндірілді. Қазақстан құрамасы бұл доданы тарихи жетістікпен қорытындылады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

17 күнге созылған жарысқа 94 елден 2917 спортшы қатысып, 16 спорт түрінен 116 медаль жиынтығын сарапқа салды. Қазақстан атынан 10 спорт түрінен 36 атлет сынға түсті.

Бұл Олимпиада Қазақстан үшін ерекше сәтімен есте қалды. Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров ел қоржынына алтын медаль салып, осы спорт түрінен Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Осы жалғыз алтынның арқасында еліміз жалпыкомандалық есепте 19-орынға тұрақтады. Бұл – соңғы онжылдықтағы ең үздік нәтиже.

Медальдар есебінде Норвегия құрамасы көш бастады (18 алтын, 12 күміс, 11 қола). Екінші орынға АҚШ (12–12–9) жайғасса, үздік үштікті Нидерланд спортшылары (10–7–3) түйіндеді.

Жабылу салтанаты екі мың жылдан астам тарихы бар, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген «Арена ди Верона» амфитеатрында өтті. Шара спортшылар шеруімен басталды. Барлық құраманың ту ұстаушылары өз делегацияларынан бөлек сап түзеді. Қазақстанның көк байрағын чемпион Михаил Шайдоров алып шықты.

Салтанатты шараның соңында Олимпиада туы түсіріліп, келесі қысқы ойындарды қабылдайтын Францияға (2030 жыл) тапсырылды. Ал 2028 жылғы жазғы Олимпиада Лос-Анджелесте өтеді.

Фото: Сали Сабиров (ҚР ҰОК)

Ұқсас материалдар