Ақтөбе қаласының 35 жастағы тұрғыны Азат Қоныс әлеуметтік желіде домбыра, гитара және балалайканы «харам» деп атаған видео жариялаған. Бұл туралы полиция хабарлады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Видеода ол ханафи мазһабының нормаларына сілтеме жасап, бұл аспаптарды діни тұрғыдан тыйым салынған деп санайтынын білдірген. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл әрекет діни алауыздықты тудыруы мүмкін деп танылған.
Қазіргі уақытта полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. «Күдікті әлеуметтік желілерде діни алауыздықты қоздыруға бағытталған пікірлер жариялаған. Ол анықталып, ұсталды», — делінген ведомство хабарламасында.
Ер адам уақытша ұстау изоляторына жабылған. Сот тергеу кезеңінде оны қамауда ұстау туралы шешім шығарды.




