Қазақстандықтардың жеке деректерінің сатылу фактісі бойынша тергеу жалғасуда, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, іске қатысты ақпарат олар аяқталғаннан кейін жарияланады.
Вице-министр ақпараттың таралуын мемлекеттік органдар немесе ХҚКО қызметкерлерімен тікелей байланыстырмады. Ол мемлекеттік ақпараттық жүйелерге кіру рөлдер бойынша қатаң шектелгенін, бұзушылықтар үшін нақты пайдаланушылардың жауап беретінін атап өтті.
«Егер қандай да бір пайдаланушы заңды бұзса немесе ақпаратты заңсыз пайдаланса, оларға қатысты қажетті шаралар қолданылады. Деректердің таралуы фишингтік сілтемелер, қоңыраулар немесе QR-кодтар арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ, микроқаржы ұйымдары мен жеке ақпараттық жүйелерден де ақпарат таралған», — деді Коняшкин.
Министрлік жеке деректерді қорғау талаптарын күшейтіп, айыппұлдарды ұлғайтқанын хабарлады. Қазіргі уақытта жауапкершілікті одан әрі қатайту — жаппай ақпарат таралуына әкеп соққан шаралар үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастырылуда.




