Қазақстандағы жаңа құрылыс пәтерлерінің бағасы ең жылдам қарқынмен Астана мен Алматыда өсуде. EnergyProm деректеріне сүйенсек, астанадағы жаңа ғимараттар бір жылда 20,7%-ға, ал Алматыда 20,2%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Қалған қалалар арасында Қонаев (16,7%), Павлодар (15,9%), Шымкент (10,8%) және Өскемен (10,2%) көрсеткіштерімен ерекшеленеді. Ал Жезқазған мен Петропавлда жаңа тұрғын үй бағасы бір жыл бойы өзгеріссіз қалды.
Қайталама нарықта жағдай басқаша. Мұнда көшбасшы – Алматы (15,4% өсім). Одан кейін Түркістан (13,7%) және Ақтөбе (13%) тұр. Павлодар (12,9%), Талдықорған (11,6%), Өскемен (10,8%) және Астана (10,1%) орташа көрсеткіштерді көрсетті. Жезқазғанда қайталама тұрғын үй де қымбаттаған жоқ.
«Наурыз айында жаңа ғимараттағы шаршы метрдің орташа бағасы 612,3 мың теңгені, ал қайталама нарықта 624,5 мың теңгені құрады. 50 шаршы метрлік пәтер жаңа үйде 30,6 млн теңге, ал қайталама нарықта 31,2 млн теңге болды. Қайталама нарық әлі де біршама қымбат – шаршы метрге 15–30 мың теңге айырма бар. Бұл дайын пәтерлердің инфрақұрылым, жөндеу және жиһаз сияқты артықшылықтарына байланысты», – делінген басылымда.
Ең қымбат тұрғын үй Астана мен Алматыда тіркелген: жаңа ғимараттарда шаршы метрі 732 мың және 722,4 мың теңге, қайталама нарықта 731,9 мың және 732,5 мың теңге. Қымбат қалалар қатарында Шымкент (535 мың), Атырау (532,2 мың) және Өскемен (530,8 мың) бар. Ең қолжетімді жаңа ғимараттар Орал (326,3 мың), Ақтөбе (345,9 мың) және Қызылордада (387,7 мың) орналасқан.
Нарық белсенді: наурызда еліміз бойынша 28,5 мың пәтер сатылды, бұл былтырғыдан 2,7%-ға көп. Ең көп мәміле Алматыда (6,4 мың, өсім 25%) және Астанада (4,9 мың, 12,9% төмендеу) жасалды. Сұраныс жоғары Қарағанды (2,2 мың), Алматы (1,6 мың) және Маңғыстау (1,2 мың) облыстарында да байқалады. Ең аз сатылым Ұлытау (208), Қызылорда (579) және Абай (598) облыстарында тіркелді.




