Алматы таулары Қазақстанның басқа курорттарына қарағанда көп турист қабылдады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
EnergyProm деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан курорттары 4,9 миллион адамды қабылдап, бір жыл бұрынғыдан 11,6 пайызға артқан. Соңғы бес жылда туристер ағыны үш есеге жуық өсті.
Абсолютті көшбасшы – Алматы тау кластері. Мұнда 3 миллионға жуық адам келген, бұл еліміздегі курорттық аймақтарға келген барлық келушілердің 60 пайыздан астамын құрайды. Бір жыл ішінде өсім 10 пайызға жетті.
Негізгі тартымды орындар – «Шымбұлақ», «Ақ Бұлақ», Pioneer және жыл бойы жұмыс істейтін Oi-Qaragai. Тек 2025/2026 жылғы қысқы маусымда Oi-Qaragai-ға 365 мыңнан астам адам келген, бұл бір жыл бұрынғыдан 28 пайызға көп.
Екінші орынды Бурабай иеленді – 463 мың келуші, өсім 33,6 пайыз. Үшінші орында Маңғыстау облысы 370 мың келушімен тұр. Алайда, мұнда туристер ағыны 9,5 пайызға төмендеген. Негізгі демалыс орындары – Ақтау, Кендірлі жағалауы және Форт-Шевченко.
Бестікке Балқаш (183 мың) және Жетісу облысындағы Алакөл (149 мың) де кірді.
Табыс көлемі бойынша көшбасшылар өзгеріссіз. Алматы тау кластері 122 миллиард теңгеге жуық табыс әкелді. Бұл барлық курорттық аймақтардың 61 пайызын құрайды. Бурабай 29,2 миллиард, Маңғыстау 19,6 миллиард теңге табыс тапты.
Бұған дейін 2025 жылы қазақстандықтар 11,77 миллион туристік сапар жасағанын жазған болатынбыз. Олардың 87 пайызы ішкі туризмге тиесіілі. Ел ішіндегі ең танымал бағыттар – Астана, Түркістан облысы және Алматы. Қазақстандықтар сапарларға 1,13 триллион теңге жұмсаған, оның жартысынан астамы ел ішіндегі саяхаттарға кеткен.




