Журналист Ришат Асқарбекұлы танымал актриса Меруерт Өтекешоваға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмеді деген пікірлерге қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz.

Оның айтуынша, соңғы уақытта қоғамда «Қыз Жібек» фильміндегі басты рөлімен танылған өнер иесіне тиісті деңгейде қамқорлық жасалмағаны туралы пікірлер жиі айтылып жүр. Алайда журналист бұл көзқараспен келіспейтінін жеткізді.

Ришат Асқарбекұлы бұған дейін продюсер Баян Алагөзованың актрисаға 1 млн теңге көлемінде зейнетақы тағайындау мәселесін көтергенін еске алды. Ол кезде Өтекешова бұл ұсыныстан бас тартады деп ойлағанын, алайда нақты шешімі туралы ашық ақпарат болмағанын атап өтті.

Сондай-ақ журналист актриса мен оның жұбайы Құман Тастанбековке әр жылдары мемлекет қайраткерлері тарапынан тұрғын үй берілгені жөнінде деректер бар екенін айтты. Оның сөзінше, Алматы қаласындағы «Самал» және «Шахристан» тұрғын үй кешендерінен, сондай-ақ Астанадағы «Хайвилл» кешенінен пәтерлер ұсынылған.

Осылайша, ол «мемлекет мүлде назар аудармаған» деген пікірлерді біржақты бағалауға болмайтынын жеткізді. Оның пайымынша, бұл мәселе жан-жақты қарастыруды қажет етеді және нақты деректерге сүйеніп бағалануы тиіс.