Әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың қатысуымен түсірілген ескі видео қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Кадрларда бір топ ер адамның жанжалдасып, арты төбелеске ұласқан сәті бейнеленген. Сонымен қатар видеода қаруға ұқсас заттың да көрінетіні байқалады. Желі қолданушылары жазбаны жаппай бөлісіп, түрлі пікір білдіруде.
Кейбір қолданушылар депутаттың өткен өміріндегі оқиғаларды қазір қайта көтерудің қажеті жоқ екенін айтса, енді біреулері қоғам алдында жүрген тұлғалардың өмірбаянына қатысты барлық жайт ашық болуы тиіс деген пікір білдірген.
Желіде «Бұл оқиғаға құқық қорғау органдары қандай баға берді?», «Қылмыстық іс қозғалды ма?», «Оқиғаның соңы немен аяқталды?» деген сауалдар да жиі қойылып жатыр.
Ал пікір қалдырушылардың бір бөлігі видеодағы жағдайға қатысты сыни көзқарас танытып, мемлекеттік қызметтегі азаматтарға қойылатын талап жоғары болуы керектігін жазуда.
Қазіргі уақытта аталған видеоның нақты қай жылы және қандай жағдайда түсірілгені, сондай-ақ осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағаны жөнінде ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Еске салайық, бүгінде Ринат Зайытов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі қызметін атқарады.
📷 Instagram: https://www.instagram.com/reel/DZW_f5RK2l5/




