Қырғызстанда бұрынғы ҰҚК басшысы Камчыбек Ташиев, экс-депутат Курманкул Зулушев және бұрынғы парламент спикері Нурланбек Тургунбек уулу мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деген айыппен ұсталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл туралы олардың адвокаты Шердор Абдыкапаров мәлімдеді. Оның айтуынша, айып тағылған баптар осы іс бойынша бұрын айыпталған басқа тұлғаларға тағылған баптармен ұқсас. Үшеуі де ІІМ Бас тергеу басқармасында бірнеше сағат бойы жауап алынып, содан кейін ғимараттан шықты.
Ресми органдар әзірге істің мән-жайын жарияламай отыр. Дереккөздердің хабарлауынша, тергеу «75-хат» деп аталатын құжатқа қатысты. Бұл – бір топ азаматтың президент Садыр Жапаровқа мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы үндеуі. Ақпан айында хат жарияланғаннан кейін елде кадрлық өзгерістер болып, бірқатар шенеунік қызметінен айырылып, кейбір депутаттар мандатын тапсырған. Кейін қылмыстық іс қозғалып, қол қойғандардың бір бөлігі тергеу изоляторына жабылған.
Бұған дейін президент Садыр Жапаров сұхбатында «75-хаттың» пайда болуынан бастап парламентте талқылануына дейін бақылап отырғанын айтқан. Құжатты пленарлық отырысқа шығару жоспарланған кезде билік жедел араласып, шара қолданған. Сол сұхбатта Жапаров ҰҚК басшысы Камчыбек Ташиев және оның ағасына қатысты сұрақтарға да жауап берген.
Қырғызстанда кезекті президенттік сайлау 2027 жылдың қаңтарында өтеді.




