Қазіргі Конституция авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов конституциялық реформаны қатты сынға алды. Ол комиссия жұмысын «фарсқа» теңеп, сарапшылар пікірі ескерілмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Академик бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазып, реформа талқыланып жатқанда неліктен үнсіз қалғанының себебін түсіндірді.
«Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым», - деп жазды Сүлейменов.
Оның айтуынша, түзетулер мәтінін шағын топ әлдеқашан дайындап қойған, ал құрамында жүздеген адамы бар Конституциялық комиссия бұл шешімді жай ғана мақұлдайтын орган.
«Түзетулер мәтіні әлдеқашан дайындалып қойған және ешкім ештеңені өзгертпейді. Конституциялық комиссия — бұл жай ғана фарс. Заң мәтінін шағын топ жазады, ал комиссия оны бірауыздан қолдай салады», — дейді академик.
Сүлейменов 1995 жылғы Ата заңнан ұялмайтынын, бірақ Назарбаев пен оның отбасының билігін күшейтуге бағытталған кейінгі өзгерістерден «ұялатынын» атап өтті. Ол ең үздік Конституция 1993 жылы қабылданғанын, ал одан кейінгі нұсқалардың сапасы тек нашарлап келе жатқанын жеткізді.
Ғалымның пікірінше, жаңа жобаның басты кемшілігі — еркін сайлауды жою және оппозициялық партия құруға мүмкіндік бермеу. Ол мұны демократиядан бас тарту деп бағалады.
«Өкінішке қарай, біздің ұсыныстарымыз ескерілмейді. Ал маған мағынасыз жұмыс істеген ұнамайды. Сондықтан үнсіз қалдым. Осы жазбадан кейін енді бір ауыз сөз де айтпаймын», — деп түйіндеді сөзін Майдан Сүлейменов.
Фото: Әлеуметтік желіден




