Құтқарушылар Маңғыстауда жол апатына ұшыраған швейцариялық саяхатшыларға көліктен шығуға көмектесіп, оларды қауіпсіз жерге шығарды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Оқиға Бейнеу – Ақтау тас жолында болған. Швейцариядан келген саяхатшылардың автоүйі бүйіріне аударылып қалған. Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) мамандары шетелдік қонақтарға дереу көмекке жетті.
Маңғыстау облысындағы негізгі тас жолдардың бірінде шетелдік нөмірі бар автоүй кенеттен аударылып кеткен. Ішінде Швейцарияның екі азаматы болған.
Оқиға туралы хабар түскен бойда облыстық ТЖД құтқарушылары белгіленген орынға жедел жеткен. Мамандар бірден көліктен өрт шығу немесе жанармай төгілу қаупін тексерді.
«Құтқарушылар қонақтарды жақын маңдағы Бейнеу ауылына дейін шығарып салып, қонақүйге жайғастырды»,— делінген ресми мәлімдемеде.
Шетелдік туристерге медициналық көмек қажет болмады. Қазіргі уақытта олар қауіпсіз жерде, ал көлікті жолдан алу және оқиғаның себебін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.




