Маңғыстау облысында екі жекеменшік медициналық клиниканың басшылығы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінді. Мемлекетке келтірілген залал көлемі – 221 миллион теңгеден астам, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Қаржы мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру фактісі бойынша екі жекеменшік клиниканың басшылығына қатысты тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. 

"ИБН СИНА" және "SOFIE MED GROUP" медициналық орталықтарының лауазымды тұлғалары ер адамдарға қойылған "варикоцеле" диагнозы бойынша медициналық қызметтерді кодтау кезінде әйелдерге арналған жоғары технологиялық операцияның – "кіші жамбас ағзалары мен жатыр артериялары тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы" қызмет кодын көрсеткен”, – делінген тергеу деректерінде.

Салдарынан 200-ден астам ер адамға негізсіз қымбат медициналық қызметтер рәсімделіп, емдеу құны 10 есеге дейін ұлғайтылған. Сонымен қатар 19 науқас аталған клиникаларға мүлдем жүгінбеген.