Журналист әрі қоғам белсендісі Тоқтар Жақаш әлеуметтік желідегі парақшасында белгілі медиаменеджер Ләйлә Сұлтанқызының марқұм жары, кәсіпкер әрі меценат Қайрат Беркінбаевты еске алуға арналған астан кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, Созақ ауданында Қайрат Беркінбаев пен оның бауыры Тайыр Шералиевтің рухына арнап ас беріліп, олардың құрметіне республикалық волейбол турнирі ұйымдастырылған. Тоқтар Жақаш Қайрат Беркінбаевтың туған ауылына өз қаражатына балабақша мен мектеп салып бергенін, жыл сайын бірінші сыныпқа баратын оқушыларды мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, мұқтаж жандарға тұрақты түрде көмек көрсеткенін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар ол Ләйлә Сұлтанқызының жұбайына әрдайым тірек болғанын айтып, олардың қос ұлы әкесінің жолын жалғар азамат болып өсіп келе жатқанына тоқталды. Журналистің сөзінше, Ләйлә Сұлтанқызы туған-туыстарымен бірге балаларын елге таныстыру үшін арнайы келген.

Тоқтар Жақаштың айтуынша, еске алу шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанымен, Қайрат Беркінбаев салып берген мектеп ұжымының белсенділік танытпауы көңілге қаяу түсірген.

«Ұйымдастыру барысында Қайрат салдырған мектептің ұжымы мүлде белсенділік көрсетпеді. 2006 жылдан бері осы мектептен түлеп ұшқан түлектер де шараның басы-қасында жүруі керек еді. Ауыл тұрғындарының кезінде көрсетілген жақсылықты тез ұмытқаны және мектеп басшылығының бейжай қарағаны қынжылтты», – деп жазды ол.

Журналисттің пікірінше, олардың қатыспауы іс-шараның өтуіне кедергі келтірмегенімен, алыс жолдан келген марқұмның туған-туыстарының демалмастан ұйымдастыру жұмыстарына араласуға мәжбүр болуы өкінішті жағдай болған.

«Бұл жазбаны жарияламауды да ойладым. Бірақ көзіммен көрген жайтты айту – Қайраттың алдындағы парызым деп санаймын. Ол қандай құрметке де лайық азамат еді», – деп түйіндеді Тоқтар Жақаш.