Бұқаралық ақпарат құралдарында таралып жатқан мәліметтерге байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы төмендегіні хабарлайды, деп жазады Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Аталған заң бұзушылық фактілері мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасына жүргізілген ішкі мониторинг пен бақылау нәтижесінде тікелей Мемлекеттік корпорация тарапынан анықталды. Барлық материалдар бірлесіп зерделеу және тиісті процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады. Атап айтқанда, 2025 жылдың өзінде қызметкерлер 100-ден астам құқық бұзушылық материалдарын өз бетінше анықтап, уәкілетті органдарға жолдады. Бұл – құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бағытындағы жүйелі әрі проактивті жұмыстың нақты көрінісі.
Сонымен қатар, Мемлекеттік корпорацияда жүргізуші куәліктерін заңсыз берудің алдын алу және көлік құралдарын басқару құқығына емтихан қабылдау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Негізгі басымдық цифрландыруға, рәсімдердің ашықтығына және адами факторды болдырмауға берілген.
Қабылданған шаралар шеңберінде:
-
ХҚКО 2.0 интеграцияланған ақпараттық жүйесі «Автомектеп» автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен біріктірілді. Бұл құжаттарды тек электронды форматта қабылдауға мүмкіндік беріп, автомектепті аяқтау туралы жалған куәліктер ұсыну мүмкіндігін жойды;
-
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграция нәтижесінде 073/у нысанындағы медициналық анықтамалардың түпнұсқалығы автоматты түрде тексеріледі, бұл жалған анықтамаларды пайдалануды болдырмайды;
-
емтихан сыныптары металл іздегіштермен, радиотолқындарды басу құрылғыларымен және тыйым салынған заттарды анықтау датчиктерімен жабдықталған;
-
емтихан кезінде деректердің таралуын болдырмау үшін компьютерлерге қашықтан қол жеткізуді бұғаттайтын DLP жүйесі орнатылған;
-
жүйе әкімшілері тарапынан заңсыз араласудың алдын алу мақсатында артықшылықты пайдаланушылардың әрекеттерін бақылау (PAM) жүйесі енгізілді;
-
алғашқы жүргізуші куәлігін алу үшін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы онлайн жазылу енгізіліп, кезекке қатысты манипуляциялар жойылды;
-
қоғамдық бақылау тетігі енгізілді: мамандандырылған ХҚКО-лардың күту залдарында және ресми YouTube-арнада теориялық емтихандар нақты уақыт режимінде көрсетіледі;
-
«ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтіп, алғашқы жүргізуші куәлігін алуға өтініш беру мүмкіндігі іске асырылды.
Мемлекеттік корпорация алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және азаматтардың сенімін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырады.




