Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейге барып, оқу үдерісі мен жаңартылған материалдық-техникалық базасын аралап көрді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Сапарға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов және Мұрат Ергешбаев қатысты.
Мектеп-лицейде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен бірқатар пәндік және шығармашылық кабинеттер толық жабдықталды. Білім ордасына инновациялық обсерватория, зымыран үлгілеу, СТЭМ, химия, биология, робототехника, математика, физика, география, тарих, бастауыш сынып кабинеттері, кітапхана және арнайы телестудия орнатылды. Жабдықтау құны 245,6 млн теңгеге бағаланды.
Инновациялық обсерваторияда «Жұлдызды аспан» глобусы, интерактивті панель, телескоп линзаларының жинағы, күн сүзгісі, бейнекамералар және аспан карталарын түсіндіруге арналған планисфералар бар. Зымыран үлгілеу сыныбы арнайы жиынтықпен, ноутбуктермен, шағын зертханалармен, цифрлық микроскоптармен және іске қосу құрылғыларымен толықты. СТЭМ кабинетіне 3D принтер мен модельдеу жиынтықтары жеткізілді.
Физика кабинеті электр және оптика бағыттарына, жаратылыстану пәндеріне, сондай-ақ молекулалық физика мен термодинамика тақырыптарын тәжірибе арқылы түсіндіруге арналған көрсетілім құралдарымен жабдықталды. Биология сыныбына жаңа жиһаз, зертханалық құралдар, цифрлық микроскоптар, микропрепараттар мен ылғалды препараттар, адам ағзасының үлгілері берілді.
Химия кабинеті зертханалық жабдықтармен, химиялық препараттармен, цифрлық зертхана жинағымен және көрсетілім тәжірибелерге арналған жиынтықтармен күшейтілді. Оқу орнында телестудия да іске қосылды: оған арнаулы компьютер, камералар, диодты жарық жиынтығы, дыбыс техникасы мен теледидар алынды. Ал ART-студияға қышшылыққа арналған құрылғылар және сурет салу құрал-жабдықтары қойылды.
Оқу-ағарту министрі атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы міндеттерге тоқталды.
Өңірде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту бағыты жалғасып жатыр. Мәліметке сүйенсек, «Қазақстан халқына» қоры облыстың әр саласына 12 млрд 851 млн теңге бөлген. Бұдан бөлек, 2 млрд 700 млн теңгеге 58 мектептегі 317 пәндік кабинет жаңартылды.
Фото: Әлеуметтік желіден




