1 қаңтардан бастап Қазақстан жаңа қаржылық ережелермен өмір сүре бастады. Салық кодексі жаңартылып, мобильді аударымдарды бақылау күшейді, ал әлеуметтік төлемдер мөлшері қайта есептелді.
Бұл өзгерістер қарапайым халықтың, кәсіпкерлердің және зейнеткерлердің бюджетіне тікелей әсер етеді. Төменде жаңашылдықтардың ең маңыздыларын іріктеп, қарапайым тілмен түсіндіреміз.
Әлеуметтік төлемдер қалай өзгерді?
Бүгіннен бастап базалық есептік көрсеткіштер өсті, бұл автоматты түрде жәрдемақы мен зейнетақының көбеюіне алып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, 2026 жылға арналған Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге болып бекітілді.
Енді ең төменгі көрсеткіштер мынадай:
-
Ең төменгі зейнетақы: 69 049 теңге;
-
Ең төменгі жалақы (МЗП): 85 000 теңге;
-
Базалық зейнетақының минимум мөлшері: 35 596 теңге.
Мүгедектік, асыраушысынан айырылу және бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақылар да осы көрсеткіштерге сай 10%-ға өсті.
Мобильді аударымдар: кімдер тексеріледі?
Халықты ең көп алаңдатқан сұрақтың бірі – онлайн аударымдар. Жаңа талаптар бойынша, салық органдары жеке тұлғалардың шотын белгілі бір шектен асқанда ғана бақылауға алады.
Тексеріс мына жағдайда басталады: егер сіздің шотыңызға 3 ай қатарынан (қаңтар, ақпан, наурыз) әр айда түскен қаражат 1 миллион теңгеден асып, ол 12 ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінен көп болса.
Маңызды: Егер туыстарыңыз немесе достарыңыз ақша жинап, шотыңызға ірі сома (мысалы, 5-10 млн теңге) түссе, бірақ ол тұрақты сипатта болмаса – бұл кәсіпкерлік деп танылмайды және бақылауға алынбайды.
Салық және баспана: жаңа мүмкіндіктер мен талаптар
Жаңа Салық кодексі аясында ҚҚС (НДС) мөлшерлемесі 16%-ға дейін көтерілді. Дегенмен, әлеуметтік маңызы бар салалар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін салық мөлшерлемесі төмендетілсе, кітап басу мен тегін медицина ҚҚС-тан толық босатылды.
Тағы бір жағымды жаңалық – баспана алушыларға қатысты. Ауылдық жерден немесе шағын қалалардан үй алғысы келетіндерге берілетін «экономикалық мобильдік сертификат» сомасы өсті. Енді бастапқы жарна үшін мемлекеттен 7 миллион 29 мың теңгеге дейін (1 625 АЕК) көмек алуға болады.
Сонымен қатар, табысы жоғары азаматтар үшін (жылына 34 млн теңгеден асса) жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы (15%) енгізілді. Яғни, көп тапқан адам бюджетке көбірек төлейді.




