Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановты соңғы сапарға шығарып салу үшін қаралы жиынға ел азаматтары жиналды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Ақынның қазасына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Президент жеделхатын Сенат спикері Мәулен Әшімбаев қалың жұртшылыққа оқып берді.
«Ұлт перзенті, аса көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып көңіл айтамын. Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қазақ өнеріне арнап, поэзиямызды жаңа белеске көтерді. Төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосты.
Ол әрқашан тіл жанашыры ретінде маңызды істердің басында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылып, қалың оқырманның ықыласына бөленді. Өнегелі өмір сүріп, мол әдеби мұра қалдырған ақынның жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген жеделхатта.
Сондай-ақ Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл қайғылы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын айтты. Оның сөзінше, Президент тапсырмасымен Астанадан арнайы делегация келіп, қоштасу рәсіміне қатысқан.
«Бұл – баршамыздың қабырғамызды қайыстырған ауыр қайғы. Мұхтар Шаханов дегенде ең алдымен қазақтың асқақ рухы, қайсар мінезі еске түседі. Ол сөзбен де, іспен де ұлт намысын қорғаған бірегей тұлға болды.
Ақын өлең арқылы халықтың жүрегіне жол тапты, қазақ поэзиясына тың серпін әкелді. Оның шығармалары – тұтас бір дәуірдің рухани айнасы. Жырларында азаматтық ұстаным, ар-ождан, махаббат пен ұлттық рух айқын көрінеді», – деді ол.
Қаралы жиынды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізді. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, сондай-ақ Аида Балаева, Дархан Сатыбалды және өзге де тұлғалар қатысып, естелік сөздерін айтты.
Мұхтар Шаханов тек ақын ретінде ғана емес, қоғамдық-саяси өмірде де белсенділігімен танылды. Оның шығармашылығы мен азаматтық ұстанымы қазақ қоғамында ерекше орын алады.
Алматы қаласы ақынның рухани қалыптасуына үлкен әсер етіп, оның шығармашылық жолының кең танылуына мүмкіндік берген орта ретінде айрықша аталады.




