Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Наркологиядағы жұмбақ өлім: Атыраулық отбасы кімді айыптап отыр?

Атырауда екі жылдан бері жалғасып келе жатқан отбасылық трагедия көпшіліктің жағасын ұстатты. Наркологиялық орталықта көз жұмған Сергей Гутайдың туыстары әділдік іздеп шаршаған. Олардың айтуынша, марқұм аурудан емес, айуандықпен ұрып-соғудан қайтыс болған. Алайда полиция "қылмыс

Авторы Мейіржан Әуелханұлы··2 мин оқу
Наркологиядағы жұмбақ өлім: Атыраулық отбасы кімді айыптап отыр?

Атырауда екі жылдан бері жалғасып келе жатқан отбасылық трагедия көпшіліктің жағасын ұстатты. Наркологиялық орталықта көз жұмған Сергей Гутайдың туыстары әділдік іздеп шаршаған. Олардың айтуынша, марқұм аурудан емес, айуандықпен ұрып-соғудан қайтыс болған. Алайда полиция "қылмыс құрамы жоқ" деп істі жылы жауып қойған. Бұл туралы Todayinfo порталы жазды.

Оқиға 2024 жылдың мамыр айында болған. Сергей Гутайды полиция бөлімшесіне жеткізіп, кейін Психикалық сауықтыру орталығының наркологиялық бөліміне ауыстырады. Арада бір тәулік өтпей жатып, ер адам мекеме қабырғасында жан тапсырды.

Марқұмның інісі Виктор Гутайдың сөзінше, ағасы ішімдікке әуес болғанымен, денсаулығында кінәрат болмаған. Оқиға болатын күні көршісі (полиция қызметкері) учаскелік инспекторды шақырып, Сергейді алып кеткен көрінеді.

"Ағамды алып кеткенде ол дін аман, денесінде бірде-бір дақ жоқ еді. Ал мәйітханадан денесін алғанда шошып кеттік: үсті-басы көгерген, соққының ізі сайрап жатыр", – дейді Виктор.

Ресми нұсқа мен шындықтың қайшылығы

Алғашқы сот-медициналық сараптама өлімнің себебін "жүрек жеткіліксіздігі мен алкогольдік кардиомиопатия" деп көрсеткен. Ал денедегі көгерген жерлерді сарапшылар "өлімге дейін бірнеше күн бұрын болған жеңіл жарақаттар" деп бағалап, олардың өлімге қатысы жоқ деген қорытынды шығарған.

Бұл шешімге келіспеген отбасы шағымданып жүріп, Ақтөбеде комиссиялық сараптама жасатқанымен, нәтиже өзгермеді. Полиция департаменті де тергеу барысында заң бұзылмағанын алға тартып, істі тоқтатқан.

Алайда, марқұмның жақындары мен адвокаты Алматыдағы тәуелсіз сот медиктеріне жүгінгенде, мүлдем басқа сұмдық жайттар ашылды.

Тәуелсіз сарапшылар не дейді?

Алматылық мамандардың қорытындысы ресми нұсқаны толықтай жоққа шығарды. Тәуелсіз сараптамаға сәйкес:

  • Марқұмның екі қабырғасы сынған;

  • Басы мен кеуде тұсына қатты соққы тиген;

  • Денесіндегі жарақаттар өлерінің алдында, яғни наркологияда жатқанда пайда болған.

Сарапшылар Сергей Гутайдың жүрегі тоқтап емес, ауыр соққыдан алған жарақаттық шоктан қайтыс болғанын дәлелдеп берді. Алкогольдік кардиомиопатия диагнозы расталмаған.

Адвокат Айбар Қосымбаевтың айтуынша, тергеу басынан ақ шикіліқке толы болған. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар алынбаған, ал іс бастапқыда дұрыс сараланбаған.

"Наркологияда науқасты төсекке байлап қояды. Ондай жағдайда адам өзіне-өзі ауыр жарақат сала алмайды. Демек, оны біреу аяусыз ұрған. Бірақ прокуратура мен полиция бір-бірін жабумен әлек", – дейді заңгер.

Өкінішке қарай, бұл Қазақстандағы "сауықтыру" орталықтарында болған алғашқы жағдай емес. Жақында ғана Қостанайдағы айықтырғышта қарияның бүйрегі езгіленіп, мүгедек болып қалса, Алматыда боксшы жігіт дәрігердің орнына полицияның қолына түсіп, наркологияда көз жұмған болатын.

Марқұмның інісі Виктор Гутай ағасының өліміне кінәлілер жазасын алмайынша тоқтамайтынын айтады. Ол Ішкі істер министрлігінің басшылығынан істі жеке бақылауға алуды сұрап отыр.

Ұқсас материалдар

Наркологиядағы жұмбақ өлім: Атыраулық отбасы кімді айыптап отыр? · Todayinfo