Наурыз айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) өтініш қабылдау ресми түрде аяқталды, биыл сынаққа рекордтық көрсеткішпен 184 мың адам қатысады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың талапкерге көп. Тестілеудің өзі 2 наурыздан басталып, 6 сәуірге дейін жалғасады.
Бұл кезеңдегі ҰБТ-ны бұрынғы жылдарда мектеп немесе колледж бітірген түлектер, қандастар, сондай-ақ ақылы негізде жоғары оқу орнына түскісі келетін қазіргі 11-сынып оқушылары тапсыра алады.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, тест форматында өзгеріс жоқ: жалпы 120 сұрақ беріледі, ең жоғары балл – 140. Сынақ тапсыруға 4 сағат (240 минут) уақыт бөлінген. Тест кезінде талапкерлерге компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері қолжетімді болады.
Фото: Әлеуметтік желіден




