Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Бұл лауазымға Нүркен Нұратов келді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Нүркен Нұратов Қазақ спорт және туризм академиясын «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ ол «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесіне ие.
Еңбек жолын 2007 жылы бастаған. Әр жылдары дзюдодан жаттықтырушы, Орталық спорт клубы спорт комитеті филиалының жаттықтырушы-оқытушысы, №9 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде стенд атудан жаттықтырушы, Астана қаласының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының гандбол клубында жаттықтырушы болып жұмыс істеген.
Кейін Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Жетісу-Сұңқар» кәсіпқой футбол клубы директорының орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ Қапшағай қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры және Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы болған.
Осы тағайындауға дейін Алматы облысының Олимпиадалық резервтерді даярлау орталығын басқарған.




