Спорт журналисі Аслан Қаженов шахматшы Бибісара Асаубаеваның Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған үндеуінен кейін спортты қаржыландыру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Журналист әлеуметтік желідегі жазбасында:

«Бибісараға соңғы 3 жылда 700 милион теңге бөлінді. Естігенде шок болдыңыз ба? Ал, мен жоқ. Өйткені, одан да үлкен ақшалар кетіп жатыр! Просто мынадай дау болмағасын, жариялана бермейді. Жалпы спортқа жылына 775 миллион доллар бөлінетіні Парламент Мәжілісі қабырғасында ресми айтылды. Енді ойлап қараңыз. Оның бәрі қайда кетіп жатыр? Біреулер спорттық жетістікті сылтау етіп, біреулер, тіпті, сонымен манипуляция жасап, миллиардттап шетелге шығарып жатыр. Қазақстанда тұрмайтын, Қазақстанда жаттықпайтын спортшыларымыз қанша? Олардың арасында сол ақша үшін азаматтығын ауыстырып, уақытша көк паспортпен жүргені қанша? Олардың ортасында сол ақшаны жеп, қалтасына басып қалатындар қанша?» – деп жазды.

Оның айтуынша, спорттағы мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігі қоғамда кеңінен талқылануы тиіс.

«Иә, түсінемін, елдің абыройы, елдің иммиджі. Көк ту көтеріледі, әнұран шырқалады. Бірақ, шіли қымбатқа түсіп жатқан жоқ па? Әлгі, 700 миллион теңгемен не 700 миллион доллармен қанша мұқтаж жандардың жыртығын жамауға болады. Баспанасыз жүргендерге қанша үй алып беруге болады. Қанша емге мұқтаж жандарға өмір сыйлауға болады. Ал, егер спорт саласында қалсын десек, өз ақшасына балаларын жарысқа апарып, жетпей жатса, кредит алып жүрген қарапайым бапкерлерге көмектесейік. Кәсіпқой кроссовка, кәсіпқой допты не кәсіпқой перчатканы ала алмай жүрген қанша бала бар. Соларға неге көмектеспейміз?» – деді журналист.

Сондай-ақ ол спортшыларға төленетін жалақы мен сыйақылардың көлеміне қатысты да сыни пікір айтты.

«Әлемде ешбір елде мемлекеттің ақшасын майшелпекке айналдырып, спортшылары осылайша мойнына отырып алмайды. Қарапайым халық 150-200 мың теңгеге күн көреді. Ал, олардың салығынан чемпиондар ай сайын 5-6 миллион жалақы алып отыр. Әділдік пе? Оны әлгі айлығынан жиырма процентін жырып берген жерлестерімізге қалай түсіндіресіз? Жетім мен жесірге, жоқтан бар жасап, әрең күнін көріп жүргендерге қалай ұқтырасыз? Шегі болу керек қой. Тіпті, мүлде тыйып та тастау керек! Барлығын ішінен көріп жүргенсін ішім ашиды. Қатты қынжыламын. Тіпті, кейде құсқым да келеді...» – деп түйіндеді Аслан Қаженов.

Айта кетейік, бұған дейін Бибісара Асаубаева шахмат федерациясындағы жағдайға байланысты Мемлекет басшысына үндеу жасаған болатын.