Қазақстан мен Моңғолия арасындағы автомагистраль жобасы Ресей аумағы арқылы өтеді, бірақ әзірге бюджеті мен мерзімі бекітілмеген. Бұл туралы Көлік министрлігінің сауалға берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Ақордада Қазақстан мен Моңғолия президенттері екі ел арасында тікелей автомагистраль салу мәселесін пысықтауға келіскен болатын. Қазіргі уақытта базалық бағыт анықталды: Өскемен — Риддер — Ресей шекарасы, одан әрі Алтай Республикасы арқылы Моңғолияға шығу. Бұл нұсқа ең қысқа және логистикалық тұрғыдан тиімді деп танылған.
Балама бағыттар, соның ішінде Қытай арқылы өтетін жол да қарастырылуда, бірақ нақты шешім жоқ. Мамандар трассаны нақтылап, жолдардың жай-күйін бағалап, жаңа учаскелер салу қажеттігін анықтауда. Атап айтқанда, Ресей аумағында шамамен 30 км жолды нөлден салу керек.
Жобаның мерзімі әзірге белгісіз, себебі ол Ресей және Моңғолиямен келісуді, сондай-ақ экономикалық тиімділік есептеулерін талап етеді. Қазақстан өз учаскесін 2024–2027 жылдары жөндеуді жоспарлап отыр. Қаржыландыру көздері мен жалпы құны әлі анықталмаған.
«Жобаны іске асыру Қазақстанның, әсіресе Шығыс Қазақстан облысының көлік-логистикалық және туристік әлеуетін дамытудың маңызды факторларының бірі ретінде қарастырылуда. Қазіргі уақытта Моңғолияға дейінгі жол шамамен 1700 км құрайды, бұл уақытты ұзартып, байланысты дамытуды тежейді. Жаңа бағыт 859 км-ге дейін қысқаруы мүмкін», — делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.
Министрлік жобаның арқасында жол бойындағы сервис, қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану орындары дамиды деп күтеді.




